Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында денсаулық сақтау жүйесін жандандыру мен медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешуге аса мән берген еді. Еліміздің басты байлығы адам және оның денсаулығы екендігін ескерсек, ауданымызда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға жақсы баға беруге болады.
Жаңа көліктер медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан барынша жабдықтау мақсатында жергілікті бюджеттен алынған. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін қолданысқа берілген жаңа жедел жәрдем көлігі заманауи техникамен жабдықталған.
Автокөліктердің кілтін табыстау рәсімінде сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдық дәрігерлік амбулаториялары дәрігерлерін қуанышпен құттықтады.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деген болатын. Осыған орай денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жылдан жылға көбейіп келеді. Пайдалануға берілгелі тұрған автокөліктер ел игілігіне қызмет етіп, аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетіп, ауданның медицина саласы дами берсін. Ауданның медицина саласының қызметкерлерін бүгінгі жаңа жедел жәрдем автокөліктерімен құттықтаймын. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді өңір басшысы.
Қызметтік автокөліктер Сулыкөл, Қарақамыс және Ақтай дәрігерлік амбулаторияларына берілді.
Райымбек Абай
Қаратөбе ауданы