Бүгін Қаратөбе ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жаппай көкпар жарысы өтті. Ұлттық ат спортын дамыту, жастар арасында кеңінен насихаттау бағытында ұйымдастырылған жарысқа Сырым, Шыңғырлау аудандарынан және ауданның Аққозы, Соналы, Үшағаш ауылдарынан ат құлағында ойнайтын білекті де жүректі 15 шақты шабандоз қатысты.
Қазақ халқының қанына сіңген көкпар ойынының ашылу салтанатында Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев пен көкпар ойынының өтуіне ұйытқы болып, демеушілік танытқан «Шайжан» шаруа қожалығының жетекшісі Мереке Шайжанов сөз сөйлеп, ұлттық спортымызды насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, көкпар ойынына қатысушы шабандоз жігіттерге сәттілік тіледі.
Жаппай көкпардың басталуын тағатсыздана күткен сәт те жетіп, дала төсінің шаңын көтерген қызу дода басталды да кетті. Жаппай көкпардың бір ерекшелігі қазандыққа салым салған әр ойыншы ұпайды өз атына жаздырады. Бұл ойында әркім өзінің күші мен қайратына, астындағы атының мықтылығына сенеді.
Бұл жолғы жаппай көкпар ересектер арасында және жасөспірім шабандоздар арасында өтіп, ойын екі бағытта өрбіді.
Алдымен ересек көкпаршылар арасында өткен ойында көрермендердің қиқуы мен сайыс көрігін қыздырған шабандоздар салмағы 25-30 келі болатын серкені тартысумен біраз жүрді. Үшағаштық Қайырбек Сағындықов «Лагар» атты арғымағымен қарсыластарынан айласын асырып, алғашқы салымды салды. Сәйгүліктерін тақымдаған жігіттер арасындағы жаппай көкпарда барлығы 12 салым салынды. Әр салым салған шабандоз бен ат иесіне ақшалай сыйлықтар берілді.
Ойын барысында «Жұлдыз» атты тұлпарымен керемет ойын өрнегін көрсеткен соналылық Мұратбек Табылдиев көрермендердің ықыласына бөленді.
Ересектер ойынынан соң басталған жасөспірім көкпаршылар арасындағы тартысты ойында 7 салым салынды.
Шара соңында «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиевтың атынан жаппай көкпар ойынына демеушілік танытқан «Шайжан» шаруа қожалығының жетекшісі Мереке Шайжановқа алғыс хат табысталса, шабандоз Қайырбек Наурызбайұлына «Ақырғы салым» аталымы бұйырды.
Ұлттық спортымызды дәріптеп, көкпаршылардың басын қосқан дүбірлі доданың өтуіне мұрындық болып қолдау көрсеткен «Шайжан» шаруа қожалығының атынан көршілес аудандардан келген көкпаршыларға, ұлттық ойынды ұйымдастырып, басы-қасында жүрген азаматтарға сыйлықтар табысталып, иықтарына шапан жабылды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz