Қаратөбе ауданында ұлттық спорттың бірі - садақ атуды насихаттау және дамыту бағытында сайыс өткізілді.
Мұхит және Жұмақаев көшелерінің жастары бастамаларымен 12-15 жастағы жасөспірімдер жарысты.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Жасұлан сөз алып, көше тұрғындарын Рамазан айы, жыл басы саналатын Наурыз мерекесімен құттықтап, сайысты ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
– Соңғы кездері елімізде ұлттық спорттың осы түрлеріне деген қызығушылық еселеп артып келеді. Жалпы садақ ату үлкен жауапкершілікті білдіреді. Себебі мергендер нысанаға дәл тигізу үшін өзіне үлкен жауапкершілік алады. Олардың басқа спортшыларға қарағандағы айырмашылығы осы. Бүгін ұйымдастырылып жатқан шараға жасөспірімдерді тартып отыр екен. Біздің балғындарымызға сәттілік тілеймін. Жебелерің нысанаға дәл тисін, - деген тілегін жеткізді.
Садақ ату спортынан аудандық федерацияның төрағасы Жасұлан Рамазанов қатысушы спортшыларға ережемен таныстырды.
Алдымен 12 жасөспірім жұп құрып, 1-2 айналымда үш мүмкіндіктен өзара сайысқа түсті. Одан жоғары бал жинаған бес жасөспірім финалда бақ сынасты. Сайыс қорытындысында І орынды Ахмет Ерхан қанжығасына байласа, ІІ орын Жақсыбай Дәулетке, ІІІ орын Мейржан Ғибратқа бұйырды. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сайыс соңында ауыл тұрғыны, әуесқой тазы баптаушы Азамат Исаұлы көрерменге жарғаққұлақ тазы жөнінде айтып берді.
Бекжан Қойшекенов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz