Кеше орталық алаңдағы сахнада 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай концерттік бағдарлама тамашаланды.
Айтулы іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз алып, аудан жастарын төл мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті жастар, сіздерді Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын! Жастар мерекесі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Қаратөбе» спорт клубының 10 жылдығы, ауданық «Мұхит жастары» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 20 жыл толумен тұспа-түс келіп отыр. Ел ертеңі жастардың қолында. Ауданымызда 4452 жас бар. Олар аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, ауданымыздың дамуына мол үлес қосып келеді. Су тасқыны кезіндегі жұмыстарға аудан жастары белсене қатысты. Аудандағы жастар ресурстар орталығы ашылған алғашқы кездерде жастар жетекшілері Эльдар Амантаев, Ермек Сайынов,Нұрберген Жоламанов, Айгөлек Андировалар бүгінде мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып жүр. Бүгінде жастарға деген қамқорлық қандай салада болмасын көрсетілуде. Жастарға мемлекет тарапынан мол мүмкідіктер қарастырылып отыр. Жастарымызға артар сенім мол, - деді Жасұлан Карелұлы.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан жастар саясатын насихаттап, елдің дамуына сүбелі үлестерін қосып, абыройлы еңбек етіп жүрген біртоп жастарға алғысхаттар табыстады.
Олардың қатарында Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының алғысхатымен марапатталған аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Фариза Серік, аудан жастары Сандуғаш Бұзаубағарова, Әмірбек Жәнібеков, Айымгүл Меңдешова, Нұргүл Сармағамбетова, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған Эльдар Амантаев, Нұрберген Жоламанов, Мерей Амангелдиев, Айгөлек Андирова, спортшы жастар Зина Валерий, Сержан Хамидолла, Ермахан Киікбаев, Абай Кенжебаев, Шоқан Аманжанов, аудандағы іс-шараларға белсене қатысушы жастар Назира Жардемова, Нұрлан Есполсинов, Лунара Жоламанова, Жанболат Жалғасовтар бар.
Жастар күніне арналған мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қаратөбе шынында ән мен жырдың ордасы ғой.
Сахнада тамаша көрініс көрсеткен «Керім – ай» би ансамблінің «Қазақ биі», Н.Нұрбекқызының «Аяла», Ә.Меңдіғалидың «Ауылым», Арын тобының «Беймәлім қыз», «Келсеңші күнім», Г. Жәрдемованың «Сол бір оқиға», Н.Салауат пен Г.Жәрдемованың «Дала дастаны», Н.Салауаттың «Сүйіктіме», Ж.Ғабдиеваның «Тик ток», Н.Нұрбекқызы мен Т.Қыдырғалиевтің «Сырласу», «Махабатпен ойнама сен», «Сен қорқақсың», Н.Абайқызының «Жаным қалайды», «Өзіңмен бірге» әндері шырқалып, тамаша көрініс тапты. Концерттік бағдарлама Таңат Жексенбаевтың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы