Егіндікөл, Қоскөл ауылдарында зайырлылық қағидаттарды насихаттау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында, әлеуметтік желіні қолдануы турасында жастармен кездесу өтті.
Жастармен жүздесуде сөз сөйлеген «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары, «Sarapshy.info» сараптамалық ақпарат агенттігінің негізін қалаушы, медиатренер, «Медиа білім» қорының басшысы Нұрлыбек Рахманов әлеуметтік желінің қоғамға әсері, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, жеке парақшаларды дамыту, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері турасында маңызды мағлұматтарды атап өтті.
Сонымен қатар елімізде пайда болған жат ағымдар әлеуметтік желілер арқылы енгендігі, әлеуметтік желіде ар намысқа тию, қорлау, жалған ақпарат тарату жауапкершілікке әкеліп соғатындығы турасында құлағдар етті.
Кездесу барысында «Дүрбі» республикалық-қоғамдық, діни- танымдық газетінің және «durbi.kz» сайтының бас редакторы, ақын,«Ақпарат саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Аруана-Жайық» ҚҚ директоры Ұлдай Сариева адасып жат ағым жетегінде кеткен қазақстандықтар жайлы, олардың ауыр тағдырлары жөнінде «Дүрбі» газетіне шыққан сұхбаттары турасында әңгімелеп берді.
Ұлдай Қабошқызы діни теріс ағымдардың әлеуметтік желі арқылы таралуы, олардың желіде тікелей эфирде отыратындығы жөнінде айта келіп, дін саласына қатысты сауалдардың жауабын арнайы мамандардан ғана алу қажеттігін атап өтті.
Басқосуда жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген спикерлер жастарды білімді болуға, ынтымақты арттыруға, қазақы салт-дәстүрді ұстанып дамытуға шақырды. Сонда ғана қауіпсіздікті, бейбітшілікті, тәуелсіздікті сақтап қалу мүмкін болмақ.
«Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жастармен кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин жүргізіп отырды.
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы