2.08.2019, 13:09
Оқылды: 46

Қаратөбеде жерлестер бас қосты

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында өткен Қаратөбедегі жерлестер форумының негізгі бөлімі «Туған жерге бір себің тисе, сен де бақыттысың!» атты салтанатты шараға ұласты.

Karatobe forum (2)

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асантаев ғасырға жуық уақытта толағай жетістіктерге қол жеткізген тарихы бай өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады.

Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген игіліктер мен табыстарға тоқталған аудан басшысы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды жобаларды жүзеге асырған жанашыр жерлес азаматтардың қосқан үлесі зор екендігін атап өтті. Өңірімізде «Туған жер» бағдарламасы, «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламалары аясында жүзеге асқан жобалардың ауылдар мен елді мекендердің көркін аша түскендігін тілге тиек етіп, демеушілік танытқан туған жердің төл перзенттеріне алғысын білдірді.

Karatobe forum (1)

Жерлестердің басын қосқан айшықты шарада сөз сөйлеген ветеринария ғылымының докторы, профессор, академик Мәлік Шәлменов, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, «Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ғарапша Сахипов, өлкетанушы-журналист «Дана.kz» тарихи-танымдық журналының редакторы Нұртас Сафуллин қасиетті мекеннің тарихы мен белгілі тұлғаларын ұмытпауға, алтын бесік атамекеннің абыройын асырып, мерейін үстем ету бағытында, туған жердің гүлденуіне жерлестердің өз үлестерін қосуы үлкен мәртебе екендігіне тоқталып өтті.

Форум барысында сөз сөйлеген Қайыржан ағамыздың кенже ұлы Нұржан Хасанов жерлестер форумын өткізіп отырған аудан басшылығы мен ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Аудан орталығынан музей ашу ісі тарихымызды түгендеуге қосқан үлестері екендігіне тоқталған Нұржан Қайыржанұлы туған жері үшін жақсылық жасау адамның өзін бақытты сезінуіне мүмкіндік беретіндігіне тоқтала келе, жерлестерін қолдан келгенінше ізгілік жасауға шақырды.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» демекші, ауылдан шыққан өлке азаматтарының басын қосып, өскен ауылының көркейіп дамуына атсалысуға жерлестерді шақыру, туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында өткен жерлестер форумының үндеуі қабылданды.

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале