Қаратөбе ауданы әкімдігі пандемия кезінде де жеке қабылдау шарасын тоқтатқан жоқ. Осы орайда азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін заманауи коммуникация құралдарын пайдалана отырып, онлайн қабылдау шарасы жүргізілді.
- Өткен жылы 209 азамат жеке қабылдауда болса, аудан әкімдігіне, дербес бөлімдерге және ауылдық округтерге жеке және заңды тұлғалардан 580 өтініш түсті.
Тұрғындардан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстарды жинап, округ әкімдерінің есебінде көтерілген мәселелерді саралай келгенде өтініштерде көрсетілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй (22,2%), әлеуметтік (27,9%), жер қатынастары (15,8%) салаларын қамтитындығы анықталды.
Келіп түскен өтініштердің ішінен 61 мәселе оң шешімін тапса, 425 өтінішке ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарына сәйкес түсініктеме берілді. 94 өтініш бойынша құзыреттілігіне сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Өткен жылғы есептік кездесуімізде ауыл тұрғындарынан жалпы саны 36 ұсыныс пен сұрақтар түскен болатын. Қазіргі таңда оның 16-сы орындалды. 13 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. 7 мәселе оң шешімін тапқан жоқ. Олар – Қоржын ауылының тұрғындары ФАП-қа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраған болатын, бірақ ЖСҚ жасақтаушы мердігердің өз міндеттемелерін орындамауына байланысты іске аспады. Осы мәселеге байланысты бірнеше рет сот отырысы өтті. Нәтижесінде биылғы жылы ЖСҚ жасақталатын болады. Күрделі жөндеу 2022 жылға жоспарланып отыр. Жаңа жедел-жәрдем көлігімен қамтамасыз ету келер жылы шешімін табады, - деді есептік кездесуде аудан басшысы Жанат Асылханұлы өз баяндамасында.
«Қаратөбе өңірі»,
zhaikpress.kz