26.06.2023, 18:08
Оқылды: 9

Қаратөбеліктер спорт саңлағы Сүйесінді еске алды

24 маусым күні Қаратөбеде қол күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Сүйесін Құмаровты еске алуға арналған облыстық ашық біріншілік өтті.

C6EEDC8F-A80A-4784-AE7B-64CBD94F8A29
19 жыл ғұмырында жасындай жарқылдап, жеңіс тұғырын талай мәрте бағындырған Сүйесін Ермұратұлының бағындырған биігі аз емес.

Артынан ерген жас жеткіншектерге үлгі бола білген Сүйесін қол күресінен жасөспірімдер арасында БҚО чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, 2016 жылы Тараз қаласында өткен ҚР спартакиадасының қола жүлдегері, 2017 жылы Маңғыстау облысында өткен Батыс аймақтық жарысының чемпионы, Алматы қаласында өткен ҚР чемпионатының қола жүлдегері, Қырғызстан елінде өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасында 2018 жылы Ақмола облысы Бурабай курортында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Қаратөбенің абыройын байрақты бәсекелерде қол күресінен сан мәрте қорғаған талантты спортшыны еске алуға арналған ашық облыстық біріншілікке Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан, Орал қаласынан және бірқатар аудандардың командалары қатысты. Аталған облыстық біріншілікте 180-ге жуық жасөспірім спортшылар түрлі салмақ дәрежесәнде өнер көрсетіп, өзара бақ сынасты.

Облыстық ашық біріншілікке қатысушыларды жарыстың ережесімен таныстырған бас төреші, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Қол күресі» үйірмесінің жоғарғы санатты жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрқат Нысанов барша спортшыларға сәттілік тілеп, Сүйесін Ермұратұлының жеке бапкері ретінде шәкіртінің спорттағы жетістіктері турасында естеліктерімен бөлісті.

DEBF0BF4-8132-4593-B15F-7815064DC588

Түрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Әділ төрелік еткен төрешілер де марапаттан тыс қалмай, еске алу турнирінің естелік медальдары табысталды.

Құрыш білекті дарабоз ұлымыз Сүйесін Ермұратұлын еске алуға арналған ашық облыстық турнирдің жоғары деңгейде өтуіне БҚО гір спорты және қол күресі федерациясы, аудандық жастар ресурстық орталығы, «Қаратөбе» спорт клубы, Сүйесіннің құрдас достары, тума-туыс әулеті, көрші ағалары демеушілік жасады.

Еске алу турнирі барысында Сүйесін Ермұратұлының әулеті жарқ етіп, ғұмыры қысқа болған ұлдарының рухына құран бағыштап, турниге келушілердің қатысуымен ас берді.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале