Қоқыс ешқашан өздігінен шашылмайды. Оны шашып, көбейтетін де, артынан реттеп жинайтын да – адам. Сондықтан тазалық мәдениетін тек сенбілік өткізумен қалыптастыру мүмкін емес. Ол әр тұрғынның күнделікті жауапкершілігінен басталатыны да ақиқат. Бүкіл елімізде жүзеге асырылып жатырған «Таза Қазақстан» акциясының да түпкі мақсаты – экомәдениетті өмір салтына айналдыру. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың бірі Қарауылтөбе ауылында жүзеге асты.

Қарауылтөбе ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны толықтай ретке келтірілді. Жылдар бойы бейберекет төгілген қалдықтар арнайы техникамен жинақталып, полигон аумағы ықшамдалып, тәртіпке келтірілді. Соның нәтижесінде бұрын үш есеге дейін ұлғайып кеткен қоқыс үйіндісі бір жерге шоғырландырылып, айналасы тазартылды.
Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әбіровтің айтуынша, тұрғындардың туған ауыл ажарына жауапкершілікпен бекемдеуге бағытталған.

– Тазалық – баршамызға ортақ іс. Қазір полигон ретке келтірілді. Ендігі міндет – қоқысты шашпай, белгіленген орынға төгу. Жинаған жер емес, шашылмаған жер таза болатынын ауылдастарымның тағы бір қаперіне салғым келеді. Қоқысы бар, қыста бордақылауға мал қойған қоралардан шығарылған көңді жол жиегіне, далаға немесе полигонның сыртына тастамай, арнайы белгіленген орынға апарып төгуге шақырамын. Ауыл тазалығына жанашырлық – әрқайсымыздың ең алдымен өзімізге құрметіміздің нышаны. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп бекер айтпаған халқымыз, – дейді округ әкімі.
Әсел Сағын,
Ақжайық ауданы