5.04.2022, 9:45
Оқылды: 45

«Қаражат уақтылы бөлінуі керек...»

Жаңақала аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратовпен байланысқа шығып, аталмыш сала бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде сөз қозғадық. 

IMG-20220404-WA0112

Оның айтуынша, аудан орталығындағы 60 шақырымнан астам ауылішілік жолдың бар-жоғы 14,5 шақырымы асфальтталған. Қазіргі уақытта осы жылға қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.

– Ауыл ішіндегі 6,2 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 шақырым тротуар салынды. Көпжасар ауылындағы электр бағандарын жаңарту және Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация елді мекендерінің әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлеріне газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жобалық-сметалық құжаттаманы толық дайындау үшін кем дегенде 9-10 ай уақыт керек. Аудан бойынша осы уақытқа дейін бірде-бір ауылдың кірме жолы жөндеуден өткізілмеген. 2021 жылы Пятимар, Қырқопа, Қызылоба, Жаңақала және Көпжасар ауылдарының кірме жолдарын орташа жөндеуден өткізуге құжат жасалып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырылды, – деді Жанғали Есқалиұлы (суретте).

IMG-20220404-WA0113

Жалпы, 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен аудан орталығының Астана, Е. Орақбаев, М. Мәметова, С. Бабажанов, А. Дауылбаев, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Халықтар достығы көшелеріне жол, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Жобаға қаражаттың толық бөлінбеуіне және ауа райына байланысты жол құрылысын аяқтау кейінге қалдырылып отыр. Дегенмен, жолдың негізгі көлемі жасалған.

– Биыл қаражат бөлінсе, жұмысты сәуір-мамыр айларында бастап кеткіміз келеді.  Су басу қаупі бар көшелердің жолдарына құбыр орнатып, ауылішілік қоғамдық көліктерге аялдамалар салып, 3 қабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандырамыз. Жұмысты кешіктірмей аяқтау қаражаттың уақтылы бөлінуіне де байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Айта кетейін, аудан орталығында жалпы саны 61 үй салынып жатыр. Бұл үйлер комиссия шешімімен кезекте тұрғандарға берілетін болады, – деді Жанғали Мұратов.

Жаннұр Берікқызы, 

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале