10.02.2022, 18:00
Оқылды: 107

Қардан мүсін жасаған Мерейліктер

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінің тұрғындары арасында «Қысқы мүсіндер» сайысын ұйымдастырды.     

қар3
Ауыл әкімі Орынбек Жамбылұлының айтуынша, бұндай сайыстар ауыл тұрғындарын біріктіруге айтарлықтай үлесін қосады. «Балалар жылы қарсаңында көңілді шараларды көбірек ұйымдастырсақ деген ниеттеміз. Соның бастамасы ретінде тұрғындар арасында қардан мүсін жасау байқауын өткіздік. Белсенділік танытқан халқыма ризашылығымды білдіремін. Өз өнерлерін паш етіп, алтын уақыттарын жұмсаған қатысушыларға көп рахмет. Олар осы өнерлерімен көпшілікке қуаныш сыйлады. Әсіресе балалар қауымы сол мүсіндер жанында асыр салып ойнауда,- дейді ауыл әкімі.

«Қысқы мүсіндер» сайысына қатысушылардың қолынан шыққан дүниелерге арнайы құралған ерікті комиссия тобы баға берді. Комиссия мүшелрінің шешімімен ауыл тұрғыны Николай Киреев бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынды жеңіп алған Әлішер Құттығалиев болса, екінші орынды Х.Рахимбердин мен Е.Долгова қанжығасына байлады.

қар2

Жеңімпаз атанған Николай Киреев өз ауласының алдында үйілген қардан 2022 жылдың символы барыс мүсінін жасаған. 38 жыл бойы мектепте еңбек пәнінен сабақ берген ұстаздың қолынан шыққан дүние ауыл тұрғындарының көңілінен шығуда. Ауылдастары күніге мүсіннің жанында суретке түсіп, көңіл көтереді.

қар4

«Барыс мүсінін жасауға 2 күн уақыт жұмсадым. Биіктігі 2 метр, ұзындығы 5-6 метр шамасында. Негізі жыл сайын үйілген қардан түрлі мүсіндер жасап қоятын әдетім бар. 38 жыл бойы мектепте еңбек пәнін жүргізгесін ондай шаруаларға араласпай қалмаймын. Ауылда орталық көшеде жасайтын едік. Биыл ауламның алдында жасадым. Ауылдастар суретке түсіп, балалар асыр салып ойнап жатады. Оларды көріп өзім де қуанып қаламын. Қыс осындай ерекшелігімен де қызық,- дейді жеңімпаз.

Әсем Серікқали,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале