Тағдырдың жазуымен алты баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Ақжайық ауданы орталығының тұрғыны Эльмира Ихсанованың баспаналы болуына қайырымды жандар көмектесті. Игі іске еліміздің түкпір-түкпірінде көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген «Қарекет» қоры мұрындық болды.
Қордың облыстағы өкілі Демежан Меңдешевтің айтуынша, көмекке мұқтаж жандарға республика көлемінде 218 кілт табысталса, облыста игі бастаманы қолдаған жомарт жандардың арқасында 11-ші үй. Жаңа үйдің кілтін көпбалалы анаға облыс орталығынан арнайы келген өнерпаздар – «Назар аудар» клубының мүшелері табыстады.
Шиеттей баламен пәтерден-пәтерге көшіп тірлік еткен Эльмира куанышты сәтте көзіне жас алды. «Қордың өкілдеріне хабарласып, көмек сұрадым. Бірақ жуық арада жеке баспананың кілтін қолыма аламын деп ойламадым да. Шыны керек, балаларымның көп екенін көріп, көп адамдар пәтерге жіберуден бас тартатын. Сол кездерде қатты қамығып, іштен тынатынмын. Шүкір, ол күндердің бәрі де көрген түстей артта қалды. Балаларымның алды мектепте, кенже қызым екіге енді толады. Соларға бас-көз болайын деп әзірге жұмыссыз отырмын. Дегенмен ауылдық округ әкімдігі, мектеп, қайырымды ауылдастардың қолдауын анық сезінемін. Бірі киім-кешекпен, тағы бірі азық-түлікпен үнемі көмек көрсетуде. Барлығына да ризашылығым шексіз», – дейді ол.
Эльмираның қуанышына ортақтасып, шашу шаша келген ақ жаулықты аналар батасын беріп, қайырымды жандарға алғысын жаудырды.
Әсел Сағын
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz