Күн күрт жылынып, соңғы аптада қар тез ерігені белгілі. Ауыл-елді мекендерде қарғын судың алдын алу үшін Ақжайық ауданында бұл жағдай қатаң бақылауға алынды. Аудан әкімдігі ең алдымен қауіпсіздікті қаперге алып, төтенше жағдай органдарының жұмысын күшейтілген режімге көшірді. Қазір ауданымыздың әр елді мекенінде су басу қаупінің алдын алу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Алдын алу жұмыстарының бірі – елді мекендегі еріген қар суын сорып, арықтарды тазалау. Шынайы ақпаратқа көз жүгіртсек, ауданда аптаның сейсенбісіндегі дерек бойынша жергілікті атқарушы органдардың күшімен 1570 текше метрден аса қар шығарыпты. Су тасқынының алдын алу үшін 18 ауылдық округте 100-ден астам адам, 20 мотопомпа, 36 техника топтастырылған. Қажет болған жағдайда қазір де апатты жерлердің басы-қасында жүрген төтенше жағдай бөлімінен қосымша күш тартылады.
– Жағдай аудан басшылығының күнделікті бақылауында. Қазіргі таңда аудан орталығына баса назар аударып отырмыз. Тиянақты жұмыстың нәтижесінде бүгіннің өзінде қауіпті аймақтардан 35920 текше метр су шығарылып, өзендерде 1080 жерден мұз ойылды. Жұмыс ауқымы көп болған соң, бір сәтте барлық жерде осындай жұмысты ұйымдастыруға мұрша болмай жатырғанын көпшілік түсінсе деймін. Телефон арқылы хабарласқан жандардың барлығының өтініші орындалуда. Осыған дейін ұйымдастырылған арық тазалау акциясында ауыл тұрғындары, қоғамдық қызметтегі азаматтардың күшімен 27 шақырымнан астам арық қардан тазаланды. Мұның өзі еріген қар суының ойлы жерге жиналмай, арыққа құйылуына сеп болады. Ал шарбағының алдындағы еріген қар суы ауласына кірген жағдайда, алдымен сорғызып, соңынан қайта су баспас үшін құммен толтырылған қапшықтар төсейміз. Бүгінге осындай 1634 қап дайын тұр. Қазір ауданда жағдай қалыпты, – дейді аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас инспекторы Жанғазиз Мұрат.
Құрметті жерлестер! «Апат айтып келмейді» деген, егер сіздің баспанаңызға су басу қаупі төнсе, 8 705 963 6948 нөміріне хабарласыңыздар.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz