16.04.2024, 19:51
Оқылды: 45

Қарғын суды жеңген Құмақсай

Теректі ауданының Құмақсай ауылы үлкен өзен-көлден аулақ қонғанымен, кей жылдары қар суынан қиналғаны бар. Биыл ауыл қызыл судан зардап тартпай, аман өтті. Оған сеп болған – күні бұрын дайындық және ауызбіршілік.

кумксай 3+

Құмақсай ауылдық округінің әкімі Бақтияр Карл:
- Қызыл су бізде ауыл ішімен өтеді. Сондықтан қар ерімей тұрып «Мәдиев», «Аманжол» шаруашылықтарының көмегімен, үлкен техникамен ауыл сыртын айналдыра су жолын жырып тастадық. Осы амалымыз пайдалы болды деп ойлаймын. Су кіруі мүмкін деген бес аулада күні бұрын тосқауыл қойдық. Жергілікті әкімдік, мектеп, «Теректі Таза су» ұжымдары бірлесіп, сол аулаларды құм-топырақты қаппен айналдырып тастадық. Бұл жұмысқа «Новопавловка» ЖШС трактор берді. Су жүруі басталсымен қауіпті жердегі аулаларға сорғыш салып, тәулік бойы кезекпен су сордық. Қызыл суды тойтаруға 25 адам жұмылдық, 3 үлкен техника, 2 автокөлік тартылды, - деп қызыл суды тойтарған күндері туралы айтып берді.
Бүгінде Құмақсайға судан қауіп жоқ. Дегенмен, құмақсайлықтар аудандағы су тасқынына қарсы тұру шараларына белсенді қатысып жүр. Ақсуат ауылдық округінің Магистральный ауылына округ әкімдігі ұйымдастыруымен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мектеп ұжымы болып 5-6 күннен бері көмекке барып жүр. Жексенбі күні еріктілер тобы - шаруа қожалықтары, ауыл жастары, кәсіпкерлер барып, қол күшін қосты.

кумаксай 3
Округ әкімі Бахтияр Асқарұлы бастаған жергілікті атқарушы орган қызметкерлері Магистральное ауылында аула аралап, қауіпті жағдайда эвакуациялану тәртібін түсіндіріп жүр.
- Ауылдағы орта мектепте эвакуациялық орын әзірледік. Төсек-орын, тамақпен қамтамасыз етіледі. Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету ұйымдастырамыз. Бір сөзбен айтқанда, эвакуацияланған халықты қабылдауға сақадай саймыз, - дейді ауыл әкімі.

Тамара Жұмат,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале