1.03.2022, 22:48
Оқылды: 90

Қарияларға алғыс айтты

Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Алғыс айту күніне орай саналы ғұмырын еңбекке арнаған қарияларға  арнайы барып, алғысын білдірді. 

IMG-20220301-WA0083

Алдымен ауданбасы Рысты Елеуова есімді анамыздың шаңырағына бас сұқты. Ол кісі қырық жыл бойы ерлермен иық тірестіріп, мал бақты, селолық кеңестің депутаты болды. Жастайынан жесірліктің тауқыметін тартты. Ері  Өтеш (Өтеулі) Дәулетқалиев 38 жасында өмірден өтті. 4 ұл, 4 қызын бір өзі аяқтандырып жеткізген Рысты Елеуова бүгінде 76 жаста.

IMG-20220301-WA0086

Айта кетейік, үлкен ұлы Лұқпан Елеу – ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі. Үш баласы кәсіпкерлік саласында еңбек етуде.

IMG-20220301-WA0084

Одан кейін аудан әкімі Сырым ауданының Өлеңті ауылында 30 жыл бойы көлік жүргізген, бригадир болып еңбек еткен Құттыбай Бекболсыновты құттықтады. Құттыбай қария Ресейде дүниеге келіпті. Еңбек жолын Теректі аудандық қаржы бөлімінде  мемлекеттік кірістер инспекторы болып бастаған. 1969 жылдан бастап, көліктің тізгінін қолға алыпты. Одан кейін бірнеше рет лауазымды жұмыс ұсынылса да, жүргізушіліктен бас тартпады. Өте сауатты жан, оқымаған кітабы жоқ екен.

IMG-20220301-WA0085

Ауылдастары арасында «шахматшы» атанған ақсақал. Есепке жүйріктігі сонша, әлі күнге дейін ауызша шығара береді екен. 1998 жылы шаруа қожалығын  құрып, еңбектен қол үзбеді. Зайыбы  Тамара Кабиева екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді.

Құттықтай келген аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлын қариялар қуана қарсы алып, баталарын жаудырды. Емен-жарқын әңгімелерін айтып, бүгінгі күндеріне шүкіршіліктерін, разылықтарын жеткізді. Елдегі жағдайға  алаңдайтындарын да білдіріп, алаңсыз күн кешкенді қалайтындықтарын айтты.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале