30.09.2021, 17:17
Оқылды: 53

Қарияларға құрмет көрсетілді

Бөкей ордасы ауданының әкімі  Нұрлыбек Даумов бастаған топ  Қариялар күні қарсаңында ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты анасына құрмет білдіріп, құттықтап шықты.

WhatsApp Image 2021-09-30 at 17.09.45

Алдымен Социалистік еңбек ері Ескендір Есімовтің үйіне бас сұқты.

- Қариясы бар үйдің қазынасы бар деген, сіз өткен өмір жолыңызбен, еселі еңбегіңізбен бір үйге емес, тұтас елге қазынасы, үлгісіз. Мейрамнан мейрамға аман жете беріңіз, - деді аудан басшысы Н.Даумов.

Өз кезегінде ақсақалымыз:

- Келіп төбе көрсеткендеріңнің өзі неге тұрады? Төбем көкке екі елі жетпей қалды, -деп ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін ат басын тірген үйіміз - кезіндегі марапаттың мәртебелісі "Ленин" орденінің иегері, облыстық кеңес депутаты боп, келелі мәселелер көтерген ақ жаулықты анамыз Зейнеп Абдрахманованың шаңырағы болды.

WhatsApp Image 2021-09-30 at 17.09.50

- Еңбекпен ерте ес жиған буынбыз. Әкем қарт, анам ауру-сырқаулы, артымнан ерген бауырларым бар. Он үшімде еңбекке араластым. Қазіргі он үштегілер үкіметтің жұмысын жасамақ түгілі үйдің жұмысына епсіз, қыры жоқ. Сол еңбегімізбен елендік. Депутат та болдық. Әймекеннің суын пайдалану, аудан орталығына мектеп салу сияқты ұсыныстармен Д.Қонаевтың алдына дейін бардық. Ұсынысымыз аяқсыз қалмады. Бұрынғымен салыстырғанда жағдай жақсы. Бардың қадірін білгеніміз дұрыс,- дейді анамыз.

Келесі барған кейіпкеріміз Егінғали Мақсотов та тағдырлы қария. Сонау 1952 жылы мәжбүрлі түрде Шымкентке қоныс аударылып, араға жылдар салып, туған топырағына қашып келген санаулының бірі.

- Шын мәнісінде қашып келдік. Ол жақта да баспана берді. Қызмет ұсынды. Бірақ жат мекендей жатырқап жүрдік. Бақылау да күшті болды. Үйде бар екенімізді білдіріп жарық жағып қоятынбыз. Таныс таптық, ақша қыстырып, әупірімдеп сытылып шықтық. Артта қалған өмір жолымызға қарап отырсам, жоқшылықты да, қиыншылықты да көріппіз. Анам марқұм балаларын аш қалдырмаймын деп көрші ауылдан азық әкелем деп екі аяғын бірдей үсіріп алса да, өкшесімен жер тіреп жүріп, бізді қатарымыздан қалдырмады.    Қой терісін илеп, шалбар ғып, ешкі терісінің иін қандырып, тон қып кигізетін,- дейді Егінғали атамыз. Сексеннің алтыдан асса да қимылы ширақ, тың. Шайтан арбамен зулағанда анау-мынауыңды алқындырып тастайды.

WhatsApp Image 2021-09-30 at 17.09.51

Марат Мыңбаев та еселі еңбегімен танылған азамат.

- Елдің елдігі тұтқаны ұстап отырған мына сіздердің еңбегіңізбен көрінеді. Еңбектеріңіз еселі болсын. Халыққа қалтқысыз еңбек етсеңіз, абыройды да марапатты да халық береді. Халықтың ұлы бол, - деп аудан басшысына батасын да берді.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале