Кеше Көрісу күніне орай Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов Хан ордасы ауылына арнайы барып ауыл қарияларымен кездесті.
Кездесу барысында аудан басшысы Райса Нұрлыбаева, Ұмсынғаным Мәмбеталиева, Нәбира Саматова, Берген Қожағалиев және Таңатар Ибрашев ата- әжелеріміздің батасын алды.
− Көрісу айт көктемінің алғашқы мейрамдарының бірі. Батыс өңірінен бастауын алыа, қазіргі таңда еліміз бойынша тойланатын мейрам құтты болсын. Көрісуден- көрісуге дейін аман болайық! Еліміз тыныш, дастарханымыз аққа мол болсын! Қазіргі таңда ашық аспан астында бейбіт өмір түсіріп жатқанымыз сіздің арқаңызда. Дендеріңізге саулық тілеймін,- деген тілектерін жеткізді Нұрлыбек Даумов.
Өз кезектерінде ата-әжелеріміз аудан басшысына алғысын айтып, жұмысының жемісті болуын тілеп, баталарын берді.
Аудан әкіміне мәселемен жүгінгендер болды. Ұмсынғаным Мәмбеталиева әжейіміз ауылда ең болмағанда 10 кереуеттен тұратын кішігірім аурухана болса екен деген ұсынысын білдірді.
Бұл мәселенің оң шешімін табуы қиын екенін жеткізген Нұрлыбек Даумов аталмыш мәселе бойынша міндетті түрде жұмыстанатынын айтты.
Үлкендерге барып, көрісіп, аға буынның айтарына құлақ түрген аудан басшысынан үлгі алған "Нарын жастары" ЖҚБ мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және Сайқын ауылының жастары ауылдың ақжаулықтылары мен ақсақалдарына барып, сәлемдесіп көрісті.
Жастарымыз мерекелік әндерін тарту етсе, ауыл қариялары рақметтерін айтып баталарын берді.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz