Балалықтың ең жарқын сәттері, алғашқы қадамы мен алғашқы күлкісі бәрі де осы киелі шаңырақта өріледі. Іргетасы 1986 жылы қаланған бұл ғимарат талай ұрпақтың қуанышы мен шаттығына куә болды. 2007 жылдан бері «Қарлығаш» бөбекжайы атанып, 2-ден 5 жасқа дейінгі 50 бүлдіршіннің тәрбиесі мен білімін, балғын арманын баптап келеді.

Биыл бұл бөбектердің ордасы жаңарып, жайнатып сала берді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 45 168 000 теңге бөлініп, ішкі-сыртқы келбеті көркейіп, заманауи талапқа сай жайлы әрі жылы ортаға айналды. Жаңарған ғимаратқа енген әр ата-ана мен бала мейірім мен тәртіп, тазалық пен тәрбие үйлескен бір әлемге қадам басқандай күй кешуде.

Бұл бөбекжайда жүрегі бала деп соққан жандар қызмет етеді. «Қарлығаштың» шырайын келтіріп, мерейін асырып отырған білікті ұстаздар қауымы. 2 сарапшы, тәжірибесі мол, ұстаздықтың шыңына жеткен мамандар, 3 модератор, заманауи әдістемені меңгерген, үнемі ізденісте жүретін педагогтар, 2 жас маман, жас та болса жігерлі, балаға деген сүйіспеншілігі шексіз тәрбиешілер.
Бүгінде 50 бала осы бөбекжайда тәрбиеленіп, білімнің алғашқы әліппесін меңгеруде. Мұндағы әр күн жаңа ойын, жаңа ән, жаңа қиял. Тәрбиешілер бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың бойына мейірім мен адамгершілік дәнін егуде.

«Қарлығаш» бөбекжайы – ата-ананың сенімін ақтаған, баланың жүрегіне жылу сыйлаған, болашаққа үміт отын жаққан шынайы мейірім мекені. Мұнда әр бүлдіршіннің арманы қанат қағып, әр қадамы сеніммен басталады. Бұл тек бөбекжай ғана емес, болашаққа апарар үлкен жолдың алғашқы баспалдағы.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы