14.07.2023, 12:45
Оқылды: 25

«Қарты бар елдің қазынасы бар»

Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиевтің төрағалығымен ақсақалдардың абыройын асыратын жиын өтті.

FB_IMG_1689236629138

 Аталмыш жиынның маңызын айшықтау үшін біраз шақырымды артқа тастап «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасының орынбасары, ғалым, академик Өмірзақ Озғынбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және «Қоғамдық келісім» КММ-нің әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Бекқали Бержанов келді.

 Ауыл әкімдерімен бірге бір топ ақсақал қауымы қатысқан кездесуде Асхат Хамитұлы меймандарды қош алу лебізін жеткізіп, алғашқы сөз кезегін Өмірзақ Озғанбайұлына берді. Көп жылдардағы тәжірибесімен бөліскен ол отыздан астам елді аралап, бәрінің тұрмыс-тіршілігімен танысқанын айтты.

FB_IMG_1689236623698

 - Хан ордасынан шығып, байтақ қазақ даласын көзімізбен көріп, бірқатар жұмыспен таныстық. Жәнібекке жеткенше ойыма көп дүние оралды. Өзге мемлекетке шыққан сапарларымды салыстыра келіп, біраз жайтты жар салғым келеді. Мысалы, дүниежүзі бойынша экономикалық дамуда екінші орында тұрған Жапон мемлекетінде бір айға жуық уақыт болдым. Аралда орналасқан елдің жері 378 мың шаршы шақырым. Жердің 68 пайызы тау мен тастан тұрады. Қысқасы тұруға жарамайды. Қалған 32 пайыз жерде 130 млн халық тұрады. Сол ұлтарақтай жерге күріш егіп отыр. Сол арқылы дамып, өркендеуде. Тәубе дейік, біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар. Талай нәубетті басынан өткерген халқымыз осы жер үшін қанын төкті. Хандарымыз бен батырларымыз айқасты, жан алысып жан берісті. Ал осындай жеңістің басы-қасында ақсақалдар жүрді. Басшыларға ақыл-кеңес беріп, жол сілтеуде абыз қариялардың алатын орны ерекше, - деп сөзін түйіндеп, рухты көтеретін жырларға тоқталды.

Абай мен Махамбеттің, Қадыр мен Мұқағалидің ақсақалдарға арналған өлеңдері бұл ғасырда да маңызын жоймай келе жатқанына ерекше таңдандық.

Таңданып отырған кезде Мақсот Қабышұлы да әсерімізді еселеп «Батыс Қазақстан облысының Құрметті Ардагері» төсбелгісін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиевке табыстады. Облыс бойынша төсбелгі бес ардагерге ғана бұйырған. Бес абыздың қатарында Амангелді Мырзағалиұлының болғаны ауданның абыройын асқақтатты.

FB_IMG_1689236621826

Жиында Бекқали Базарбайұлы ерекше ұсыныстарын айтып, ақсақалдардың абыройын биіктете беру жолында жоспарда біраз келелі істер тұрғанын айтты. Ауыл әкімдерінің жанында кеңесші болып бір қария жүрсе деген ниетін білдіріп, тарихты саралап, түрлі тренинг өткізу туралы жоспарымен де бөлісті. Соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова ақжарма лебізін айтып, берері мол жүздесуге әр ауылдан келген ата-әжелерге алғысын білдірді. Еңбек ардагері Бекет Әліпқалиев пен Қабаш Жүнісов ойларын ортаға салып, жастарға үлгі болу үшін ақыл-кеңестерін айтып, бірігіп жұмыс атқаратындарын жеткізді.

 

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале