7.09.2022, 15:30
Оқылды: 126

Қаржы бар, бірақ мердігер жауапсыз

Жәнібек ауданы әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен аудан бойынша жол құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар бойынша жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, құрылыс мердігерлері мен техникалық қадағалау мекемелерінің мамандары қатысты.

305219873_540820578047621_6851516371671837349_n

Басты мәселе – жол құрылысының уақтылы әрі сапалы аяқталуы. Бүгінгі таңда жол құрылысы бойынша көптеген олқылықтар бар. Бірі құрылыс материалдарының жетіспеушілігі мен қымбаттауы болса, енді бірі мердігерлердің жауапсыздығы. Аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан аудандық маңызы бар автомобиль жолдары және ауылішілік жолдардың ахуалы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиев айтып өтті. Мәселен, Жәнібек ауылының солтүстік бөлігіндегі 9 жаңа көшенің құрылысы әлі күнге дейін басталмаған. Мердігері «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы «құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс жүрмей жатыр», - деп жауап қайтарды. Сондай-ақ Жәнібек-Талов-Кіші өзен бағытындағы 2-27 шақырым жолдың 5 шықырымына асфальт төселген жоқ. Мердігері «РСУ-1» ЖШС-нің маманы қыркүйек айының соңына дейін бітіреміз деген уәжін жеткізді. Аудандық маңызы бар жолдардың құрылысында көптеген мәселелер бар. Аудан басшысы: «Қыркүйек айы басталды. Дегенмен көбіңіз жұмыстарыңызға жауапкершілікпен қарамайсыздар. Ауа райы қолайлы болып тұрғанда, жұмыстарды бітіріп алуларыңыз керек еді. Игерілмей тұрған қаржыларыңыз да бар. Күн райы 15-20 күннен кейін бұзылады. Сол кезде қандай сылтау айтасыздар? Ауыл халқы бұл сылтауларыңызды түсінбейді. Үш жылда шекара мен 2-27-дегі 5 шақырымды жол неге бітпей жатыр деген түсініспеушіліктер жүріп жатыр халық арасында. Осы айдың аяғына дейін жұмыстарды ретке келтіріңіздер», - деді.

305045961_540820608047618_2168347575649399349_n

Сонымен қатар жиында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Миранбек Ибатов «Өңірлік жұмыс орнын құру» жобасы аясында жол құрылысында жүрген ауыл азаматтарын міндетті түрде тіркеу керектігін айтты.

Жиынды аудан әкімі Азамат Сафималиұлы қорытындылады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале