Шыңғырлау аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өтті. Жиынның мақсаты - шыңғырлаулықтарға қаржы пирамидалардың құрығына ілінбеу, олардан сақтандыру, белгісіз қаржы ұйымдардың жарнамасына еріп, қаражаттарынан айрылып қалмау жолдарын түсіндіру болды.
Жиынды аудан әкімі аппаратының жетекшісі Темірболат Сағынгереев жүргізіп, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Райымбек Жанғужиев, Шыңғырлау ауданының прокуроры Серік Орынғалиев облыс және аудан бойынша орын алған жағдай және ахуал туралы хабарлама жасап, жағдайды түсіндірді.
Айта кету жөн, тек Шыңғырлау ауданы тұрғындарының арасында да осындай қаржы пирамидасынан, интернет алаяқтарынан залал көргендер жоқ емес екен.
Ауданымызға арнайы келген экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Райымбек Жанғужиевтің айтуынша соңғы кездері Батыс Қазақстан облысы, соның ішінде Шыңғырлау ауданында өздерін белгілі бір тауар өндіруге инвестиция құю деп шетел компаниясының жалған атын жамылып, іс-әрекет қылған топтарды құрықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүруде. Әйтсе де қарызға белшесінен батып, сан соғып қалушылар саны әлі де азаяр емес екен. Қаржы пирамидасының жарнамасының күштілігі сондай, тіпті Орал қаласына келген алаяқтық топ, халықты жинап, сөйлеушілердің фонына Президенттің инвестиция туралы айтқан сөзімен көркемдеп, халықты иландыруға дейін барған. Бұның бәрі де адам санасын улайтын әрекет.
Шыңғырлау ауданының прокуроры Серік Орынғалиев жиынға қатысушылар алдында қаржы пирамидасының белгілері туралы, кез келген адамды пирамидаға тарту әдістерін егжей-тегжейлі айтты.
Сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шаралары туралы қарапайым тілмен түсіндіріп берді.
- Қандайда бір артық қаражатыңыз болса, оны инвестицияға салғыңыз келсе, кәдімгі банктердегі менеджерлер барлығын түсіндіреді. Құжаттарының бәрі заңды, қандай да болмасын ақпаратты ашық түрде алуға жағдай бар. Сөйте келе whatsapp арқылы келген немесе көрші көлем мен достарыңның жасаған жарнамасына ғана иланып, белгісіз бір қаржы ұйымдарына үйіп-төгіп қаражат беру деген үлкен қателік, - дей келе адамдарды осындай аляқтардың арбауына түспес үшін, қауіптің алдын алу мақсатында прокуратура тарапынан түсіндіру жұмысының жиі жүргізілгендігін және әр мекеме, ұжымдарға ескерту-жадынамалардың тегін таратылғандығын айтты.
Айсұлу Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz