Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Талғат Шакировтың төрағалығымен қаржы пирамидасына алданып қалмау, аудан тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру мақсатымен жиын өтті.
Жиынға БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті криминалистика бөлімінің бас криминалисі, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің майоры Армат Қолғанатов, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен сала қызметкерлері қатысты.
Басқосуда қаржы пирамидасының құрбаны болмау үшін не істеу керектігі жөнінде бейнеролик көрсетілді. Одан әрі сөз алған Армат Қолғанатов жиынның маңызына тоқталып, жан-жақты ақпарат берді.
– Бүгінгі тақырып – өте өзекті мәселе. Жалпы қаржы пирамидасының нақты мақсаты жоқ. Мақсатсыз іскерлік. Сонымен қатар кірістік уәдесі бойынша үнемі қатысушылар қаражатын тартуға негізделген әлеуметтік экономикалық жүйе. Пирамида жалпы ұйымдастырушылар кірісі және қатысушыларға инвестициялық кіріс төлеу мен жаңа қатысушылардың ағыны болған кезде қалыптасады. Көп деңгейлі пирамидаларда қатысушыларды тарту жаңа қатысушылардың жарнамаларын ақшалай төлемдерге ынталандырады.
Өкінішке қарай, адамдар осы кезге дейін көп ақша табамын деп үміттеніп, алаяқтарға тап болады. Қазіргі таңда көпшілік оңай ақша табуды көздейді. Технология дамыған заманда интернет арқылы көп ақпарат тарауда. Осы кезде халық өте сақ болуы қажет. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары компания құрып, сенгіш азаматтарға өте жоғары табыс алуды уәде етіп, өздеріне тартады. Кішігірім табысқа қол жеткізген алғашқы салымшылар өздерінің табысы туралы өзгелермен бөлісуді ойлап, сол жобаны интернет желісінде жарнамалайды. Оған туыстарын, достарын, таныстарын тартады. Әр қаржы пирамидасы төрт кезеңнен өтеді. Бірінші – қаржы пирамидасын құру. Екіншісі – қаржы пирамидасын танымал ету. Үшіншісі – маңызды сыни кезең. Төртінші – пирамиданың күйреуі. Еліміздегі қаржы пирамидасының қызметі заңсыз болып табылады. Демек, пирамида ұйымдастырушылары қол қойған барлық құжаттың іс жүзінде заңды күші жоқ. Қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды. Көбіне жәбірленушілер халықтың осал тобы болып келеді. Олардың қатарында зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер, әлеуметтік салада қызмет жасайтын, денсаулық сақтау қызметкерлері бар. Жалпы 2021-2022 жылдармен салыстырғанда қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тіркеу екі-үш есеге артты. Яғни 32-ден 72-ге дейін жетіп отыр. Биылғы есептік кезеңде қаржы пирамидасын құру және ұйымдастыру фактісі бойынша 37 қылмыстық іс тіркеліп, 27-сі аяқталды. Былтыр 19 үкім шығарылып, 30 адам жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінде үш қылмыстық іс бар. Жыл басынан тексеруге қатысты telegrambot іске қосылды, – деді Армат Қайдарғалиұлы.
Жиын барысында қатысқандар тарапынан сұрақ қойылып, тұшымды жауап берілді. Айтып кетсек, егер де бір ұйымның қызметінде қаржы пирамидасының белгісі бар деп ойласаңыз, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуыңызға болады. Байланыс телефоны: 53-84-23.
Б. Сапарғалиев,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz