Қазіргі қоғамда еңбек етемін деген адамға мүмкіндіктер көп. Үкімет тарапынан да түрлі қолдау-көмектер, бағдарламалар жеткілікті. Ынта болсы екі қолға бір күректі оңай табуға болады. Жан-жақтан көмек күтпей-ақ өз ісін бастап кетсем деп тәуекелдің жел қайығына мінген жанның бірі Айнұр Бакисова.

Айнұр әуел бастан осы саладан тыс адам емес еді. Он қолынан өнері тамған, соның ішінде ас пісіруге, түрлі тоқаштар жасауға икемі мен қызығушылығы басым-тұғын. Түрлі тапсырыстар алып ауыл тұрғындарына бір кездерде той-томалығына, отбасылық қуаныштарына да көмектесіп жүрді. Бертін келе осы кәсіпті неге тереңдетпеске деген ойлар иектей бастады. Алайда шағын кәсіпті қолға алсаң да оның қыр-сырына әбден үңіліп, үлкен ізденісте болуың керек. Сондықтан да ол өз ісін бастамас бұрын әбден ойланып-толғанды. Қай бағытты ұстансам деген оймен бір шешімге келген Айнұр ақырында тәтті бөлкелер, жастар сүйсініп жейтін түрлі тіскебасарлар мен пеште пісірілетін нан өнімдерін қолға алуды шешті.
Ал бұл жұмысты бастау үшін нан өнімдерін пісіретін пеш те, нан ашытқыш құрал да керек болатын. Өз ісін бастар алдында мемлекеттік бағдарламаларға қол созып көргенімен оның өзіндік шарттары Айнұрға қатысуға мүмкіндік бермеді. Отбасымен ойласа келе несие алып, тәтті тоқаштарды пісіретін пеш сатып алады. Енді халыққа ыңғайлы жерде қызмет көрсететін орынды да іздеп оны да орталықтан сайлады. Осылайша тас тәуекел деп өз ісін бастап кеткен ол халыққа түскі, кешкі аста қалап ішетін ыстық тағамдары бар асхана ашуды жөн деп тапты. Ісі бірден өрге домалап жүре берді десек асыра айтқандық болар, дей тұрғанмен бірте-бірте жұртшылықтың көзі де үйренді, тұрақты келушілер қатары да көбейді. Айнұр күндіз қоғамдық асхана қызметін жүргізсе, түнде батондар пісірумен айналысты. Оның батондарына деген сұраныс көбейе түскен сайын өз жұмысына деген қызығушылық та арта түсті.
-Қыз бала болғандықтан ас үйге деген қызығушылық кішкентай кезімнен бар еді. Тәтті тағамдарды алдымен өз отбасыма арнап пісіруден бастаған едім. Кейін жүре келе осы жұмысқа деген құштарлығым арта түсіп, енді міне түрлі тіске басар мен тәтті тоқаштарды, самса мен бәліштерді халыққа ыссылай ұсынып келемін, - дейді Айнұр. - Қазіргі таңда менің қолымнан шыққан түрлі нан өнімдерін аудандағы 7 сауда нысандарына жеткізіп тұрамын, сұраныс жоғары, үйден тапсырыс беретін де тұрақты клиенттерім жеткілікті. Ең бастысы өзіңе деген сенімділік пен төзім керек, екіншіден қасыңдағы әріптестеріңе деген шынайы сыйластық та қажет. Менімен бірге жұмыс жасап келе жатқан екі көмекшім адал жандар ғана емес, менің қолдаушыларым да. Осы күнге дейін түрлі қиындықтар да кездесті, несие төлеу уақыты келгенде қаражатым жетпей, тіпті жұмысымды тоқтатсам ба деп әлсіздік танытқан тұста көмекшілерім үлкен қолдау білдіріп, жігерімді жаныды.
Қазіргі таңда «Ауыз ти» деп аталатын шағын тамақтану орнын білмейтін жан кемде-кем. Айнұр осы жолда аз-кем табысқа жетуінде де отағасы Аслан мен ұл-қыздарының, жанашыр жандардың көрсеткен демеулеріне ерекше разы. «Артымда мені түсінетін, сүріндірмей қолтығымнан демеген жандардың арқасында аяғыма тұрып келемін. Алда да тұрлі ой-мақсаттар жетерлік. Үлкен асхана ашсам деген арманым бар. Оның бәріне де әзірлікпен, тыңғылықты ізденіспен келген жөн», - дейді.
Иә, өзін қызықтыратын кәсіпті игеріп, сол жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жандардың жетістікке жетері сөзсіз. Қазір қол қусырып отыратын заман емес. Аяғы жүргеннің тамағы тоқ, қолы қимылдағанның қалтасы бос болмайды. Қалаған ісіңді жасап көріп, ұнамаса өзге іске бет бұрып, өзіңді әр қырыңнан сынап көруге мүмкіндік мол, бір рет сүріндім деп беріле салуға болмайды. Қазір кәсіп ашып, берекесін көріп жатқандар аз емес, біздің кейіпкеріміз де бойындағы қабілетін-кәсіпке, кәсібін табысқа айналдырып жүрген іскер жанның нағыз өзі.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы