23.02.2024, 12:30
Оқылды: 24

Кәсіп бастаймын десеңіз...

Бөкей ордасы ауданында жеке кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Бірқатары мемлекеттің қолдауына сүйеніп, қаржылай көмекке ие болса, енді бірі жиған-тергенімен кәсіп ашып, еңбек етуде.  Бүгінгі кейіпкерлеріміз де «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін жіберіп алмай, кәсіпкерлікпен айналысуға бел буыпты.    

    Өздеріңізге мәлім, халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындарға жол тартты. Бөкей ордасы ауданы бойынша да аталған жобаны үйлестіру және тұрғындардың кәсіп ашуына барынша қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп  жатыр.  Былтыр  «Ауыл аманаты» бағдарламасы  аясында  мал шаруашылығымен айналысуға 63  адам  280,0  миллион теңге және өсімдік шаруашылығымен айналысуға  (гидропоника) 1 адам 5,9 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, бүгінгі таңда өз кәсіптерін ашты. 2024 жылға ауданға 385,0 миллион теңге несие лимиті белгіленіп, бөлінген қаржыға сәйкес келесідей жобалар жоспарға енгізілді. Мал шаруашылығы бойынша, соның ішінде сүтті бағыттағы ірі қара малын  өсіруге 3 жоба (28,9 млн), ірі қара малын бордақылауға 10 жоба (86,6 млн), қой малын бордақылауға 9 жоба (77,0 млн ), өсімдік шаруашылығына 2 жоба (12,6 млн), құс шаруашылығына 7 жоба (14,6 млн), шағын және орта бизнеске 7 жоба (43,8 млн) және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін дамыту үшін 5 жоба (121,5 млн) жүзеге асырылмақ.

Мал бордақылау кәсібін өрістетуге ниетті

 

Тыңбай еңбек еткеннің тұрмысы да берекелі болады. Қандай іс бастасаң да қиыншылықтары кейін шығып, түрлі кедергілерге тап боласың. Десе де кәсіпті қолға алған соң нәтижесін көргенше  өз мақсатыңнан айнымауың тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген сайқындық  Мереке Молдағалиев осылай дейді.

Мереке

– Осы жобаның арқасында былтыр тамыз айында 3 миллион 700 мың теңге несие алдым. 58 аналық қой сатып алдым. Әлбетте, қосымша шөп-жемінде толықтырып алдым. Биылғы ауа райы өте  құбылмалы.  Күтпеген шығындар да болды. Көктем жақындап келеді. Мал басының еселеніп, шаруаның тынысы ашылатын уақыт қой. Жайылымда семіртіп, жемдеп, бордақылап, саудаға шығаратын кез де алыс емес. Әзірге малдың азығы жеткілікті. Күтімі де жақсы. Қоражайды жаңадан салдық. Уақытылы суын беріп, қораның ішін де, айналасын да тазартып отырамын. Мал екеш малға да баппен қарау керек, – дейді.

 

Мал өсірсең, қой өсір

 Азамат

- «Алма піс, ауызға түс» деп керіліп, алақан жайып отыратын  заман емес.  Істің көзін тауып, еңбек еткеннің берекесі артып, несібесі молая түседі , - дейді кезекті кейіпкеріміз Азамат Бозов.

– Былтыр осы аталған бағдарлама туралы естіп, несие беру шарттарымен танысып көрдім.  Көптен бері мал шаруашылығын қолға алуды жоспарлап, ет бағытын жандандыруды көздеп жүрген едім. Тиісті құжаттарды тапсырып, мақұлданған соң  2,5 пайыздық  несиеге  4 миллионға жуық  несие рәсімдедім.  60 қой сатып алдым, 100 рулон шөп, жемін қоса алдым.  Әзірге 9 қозы төлдеп, біреуі өлді. Мал шаруашылығында түрлі қиыншылық болатыны түсінікті ғой. Ебін тапсақ бұл кәсіпті де ұршықша иіріп әкетемін деп ойлаймын, – дейді.

Сүт өнімдерін молайтуға ниетті

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 миллион теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім берген кезекті кейіпкеріміз Райса Сражанова кәсібінен несібе теруге ниетті.

–17 сауынды сиыр сатып алдық. Алдағы уақытта  қаймақ, сүзбе, құрт секілді сүт өнімдерін нарыққа шығарғым келеді. Бұйырса, көктемде мал төлдеп бастайды деп күтіп отырмыз. Арнайы сүт сауатын аппарат алу жоспарда бар. Кәсіпке қадам басқасын оны жетілдіріп, дамытуды ойлай бастайды екенсің. Алдағы уақытта мал басын ұлғайтып, осы салаға бейімделіп алсақ, несібесін молынан көреміз деп сенемін, – дейді.

Қазақ елінің бүкіл болмыс-бітімі мен тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты екені сөзсіз. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсіп ашуға ниеттенгендердің басым бөлігі ата кәсіпті әрмен қарай дамытуға мүдделі.  Төрт түліктен табыс ауып, шаруашылықты алға сүйреу де оңай емес. Осыған орай бағдарлама аясындағы жоспар бойынша  әр ауылдық округ әкімдерімен байланыс орнатылып, жауапты мекемелер  ашылған және ашылатын жұмыс орындары бойынша  түсінік жұмыстарын жүргізілуде. Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайрулиннің айтуынша әр ауылдық округке мал шаруашылығы бағытына арналған жобаларға несие беру үшін, 50   пайызынан аспайтын бөлігін, қалған бөлігі  кәсіптің басқа түрлерін дамыту бойынша берілмек.  Соның ішінде өсімдік шаруашылығын жандандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей,  күні бүгінде екі адам гидропоника саласын байқап көруге ден қойыпты.

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығымен  айналысуға бел буған үш кейіпкеріміздің  де айтар ойы бір. «Мал баққанға бітеді. Тәуекел бен еңбек керек. Қолға алған шаруаны орта тұстан тастап кетпей, нәтижесін көруге ұмтылу керек» дейді.

Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале