8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова әр салада табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйелдерді, еңбек ардагерлерін қабылдады.
Әр округтен жиналған қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаған аудан басшысы:
— Сіздерді жан-дүниені шуағына бөленіп, тыныс-тіршілігімізге нәр беретін көктемнің шұғылалы мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқының отбасылық институтында әйелдің, ананың рөлі ерекше.
Қазіргі таңда ауданымызда түрлі салада қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуы мен өркендеуіне, билік пен бизнесте жүрген әйел қауымы аз емес.
Көктемнің шуақты күндерімен тұспа-тұс келетін ізгі мереке күні баршаңызға бақ-береке, зор табыс, қажымас қайрат тілеймін, - деді аудан әкімі.
Еркін диалог түрінде өткен отырыста сөз алған белсенді аналар ақжарма тілектерін жолдады. Подстепный ауылдық округінде орналасқан «Теректі» колледжінің директоры Эльмира Бисенғалиева бала тәрбиелеу турасындағы қызметі жайында ерекше әсерімен бөлісті.
— Ең алғаш қызметімді осы колледж қабырғасында бастадым. Содан бері отыз жыл уақыт зымырап өтіпті.
Әрине бір жерде тұрақты жұмыс жасағаныма балаларым да таңғалып жатады. Жыл сайын орта мектепті аяқтап алдыма келетін балалармен жұмыс жасау өте қызық. Және ол күнделікті қайталанатын іс емес. Бір күнім бір күніме ұқсамайды.
Колледжімізді аяқтаған түлектеріміз ауылда орналасқан асхана, мейрамханаларда аспаз, IT маманы болып қызмет етіп жүр.
Бала тәрбиесінде жүрген әрбір ана ұлтты тәрбиелеп жатыр деп білемін. Аналар, үйдің ұйытқысы, шуағы болып аман отырыңыздар,-деді өз сөзінде.
Аудандық саз мектебінің мұғалімі Жақсылық Имашев пен дәстүрлі әнші Дәурен Жұмағалиев аналарға арнап әсем ән шырқады.
Ақ тілектер айтылған мерекелік көңілді жиын соңында аудан басшысы Әлия Биғазықызы барша әйелдер қауымына гүл шоғы мен естелік сыйлығын табыстады.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz