Бүгін Подстепное ауылындағы мәдениет үйінде Теректі ауданы кәсіпкерлерінің форумы өтті.
Жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған форумға ауылдық жерде өз кәсібін ашқан азаматтарға қаржылық қолдау көрсететін қорлар – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Даму» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Батыс Қазақстан облысындағы филиалдарының лауазымды өкілдері, «Agjaiyg Atameken» микроқаржы ұйымы маманы арнайы шақырылды.
Аудан әкімі Тілек Габдушевтің төрағалығымен өткен басқосуға жергілікті өкілетті органдар – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, статистика басқармасы, мемлекеттік кірістер басқармасы, ветеринариялық бекет қызметкерлері қатысты.
Форум қатысушылары - аудандық бөлім-мекеме басшылары, шаруа қожалықтары және жеке кәсіп жетекшілері алдымен Теректі ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитарлық – эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы мәселелер бойынша баяндамасын тыңдады.
Форум жұмысына қатысуға келген қаржылық ұйымдар өкілдері несиелендіру бағдарламалары жайлы мағлұмат берді.
Теректі ауданы әкімі Тілек Александрұлы кәсіпкерлерге қарата сөз бағыттап, әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын тұрақтандыру жайын айтты. Шаруа қожалықтарының басшыларына ол мал азығы бағасына қатысты «шөп бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу керек» деген өз пікірін жеткізді.
Теректі ауданының кірістер басқармасының басшысы С.Есенғалиев, Теректі ауданының статистика басқармасының басшысы Ә.Бисенғалиев өз салаларына байланысты бірқатар мәселелерді түсіндіріп өтті.
Белсенді ой-пікір білдіру, түйіткілді сұрақтарды қызу талқылау үстінде өткен жиын соңында лауазымды тұлғалар кәсіпкерлерді жеке қабылдады.
- Құқықтық қорғау, салық салу, санитарлық-эпидемиологиялық тәртіп, ветеринария, несие беру, жер учаскелерін бөлу, статистикалық есептерді тапсыру және т.б да өзекті мәселелер талқыланған жиын жергілікті кәсіпкерлер үшін пайдалы болды, - дейді форумға қатысқан кәсіпкер Майра Исенова.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы