16.05.2023, 1:58
Оқылды: 15

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Демек халықтың рухани алтын діңгегі саналған ауылымызды көркейту - баршаның міндеті. Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласынан 35 шақырым қашықтықта жасыл желек баурайында Ақбұлақ ауылдық округі орналасқан.  Бүгінде бұл ауылдың тірлігі қайнап, жылдан жылға дамып, өркендеп келеді.

120133642_674014146852934_1635590838984871704_n (1)

«Қарекет қылсаң, берекет табасың»

Берекелі ауылдың тұрғындары туған ауылдарын көркейтуде аянбай еңбек етіп келеді.

Ауылда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде. Еңбекке ұмтылған азаматтарға қолдау боп отырған  "Бастау Бизнес" жобасының игілігін көргендер аз емес бұл ауылда. Соның бірі - Гүлназ Азиятуллина. Көпбалалы ана былтыр аталған бағдарлама арқылы қайтарымсыз 1 млн 200000 теңге грант ұтып алады. Аталған қаржыға бес бас сауын сиыр сатып алып, кәсіп бастайды. Еңбегі далаға кетпейді. Адал еңбектің несібесін көрген тұрғын енді шағын болса да өз дүкенін ашуды жөн көреді. Сөйтіп, ауылдағы  Желтоқсан көшесінің бойынан «Кәусәр» атты жаңа азық-түлік дүкенін ашады.

WhatsApp Image 2023-05-05 at 16.41.13

-Дүкен сөрелерінде халықтың күнделікті қажеттілігі – нан, қант-тұздан бастап, тәтті бәліштер, шұжықтың түр-түрі, кондитерлік өнімдер мен қоса тұрмыстық заттар бар. Әлі де тауар түрін кеңейткіміз келеді. Тұрғындар үшін сауда орындарының молайғаны жақсы деп ойлаймын. Бәсекелестік күшейіп, тауардың бәсі түседі. Сондықтан шығар біздің дүкеннің ашылуын көпшілік қуанышпен қарсы алады. Бастаған ісімізді қолдап жатқан барша ауыл тұрғындарына және ауылымыздың әкімі Ерлан Болатұлына алғыс айтамын, - дейді Гүлназ Азиятуллина.

«Жанетаның наны тәтті»

Рас, қоғамымызда түрлі мамандық иелері бар. Олардың әрқайсысы өзіне тән ерекшеліктерімен маңызы. Қазір кәсіп бастаймын десе, кез келген жанға мемлекеттен қолдау бар. Оған түрлі бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер қатары дәлел. Әркім өзінің ебіне қарай еңбек етіп, көрпесіне қарай көсіліп жатыр. Тағы бір мысал.

Ауылдағы тағы бір көпбалалы ана Жанета Мұхтарова өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отыр. Бұл жөнінде Жанета:– Кондитер мамандығы бүгінгі күні маңызы бар қажетті мамандықтардың бірі. Мен тапсырыс бойынша ауылдастарға торт, кекстерді пісіріп беремін. Қазіргі уақытта адамзат баласы үшін ең маңыздысы – табыс табу. Адал еңбекпен тапқан табыс берекелі болары анық. Мен де өз хоббиімді кәсіпке айналдырып, өз маңдай теріммен табыс тауып келемін. Әрине,  еңбегімнің игілігін де көріп жатырмын - дейді.

WhatsApp Image 2023-05-05 at 11.16.15 (1)

Жанета Ақбұлақ ауылына 13 жыл бұрын келін болып түскен. Төрт баланы тәрбиелеп отырған ана, «Ауыл аманаты» жобасына қатыспақ ниетте. Сөйтіп,  2,5 пайызбен несие алуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатына жету үшін арнайы бизнес-жобаны да дайындау үстінде. Бүгінде ол болашақ кәсібін жан-жақты зерттеп жүр. Арнайы пеш пен құрал-жабдықтарын алып, кәсібін дөңгелетпек. Қысқасы, алдағы уақытта ауылдағы кәсіпкерлер саны тағы бір адамға өседі.

WhatsApp Image 2023-05-05 at 11.16.13

Тірліктің тың түрі

Табыстын тайқазанын қайнату үшін, кәсібің өзгелерден өзгерек болуы керек. Осыны түсінген Талғат Жакиев ауласында қызыл құрт өсіріп, биогумус өндіруді қолға алған.

Яғни, колифорниялық қызыл құрттардан биогумус алып, табиғи тыңайтқыштарды үйінен өндіріп отыр.

-Бұл құрттардың жейтін тағамы – органикалық қалдықтар. Яғни, ағаштан түскен жапырақ, төрт түлік малдың қиымен көректенеді. Бұл қалдықтарды табу ауылдық жерде қиынға соқпайды. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Биологиялық тыңайтқыш дегеніміз - өсімдіктердің өсуіне өте қажет зат. Мұны топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егістіктің өсуін 2-3 есе күшейтеді. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдар қызыл құрт өндіріп шығарған тыңайтқыштарды сатып алады. Егістігі мол түсім бермей жүрген дихандар биотыңайтқышты топырағына сеуіп, мол өнім алып жатады. Жер тұзданып, құрғаса, осы тыңайтқышты себеді. Жер тыңайып, топырақ құнарланып, өнім молаяды. 100 пайыз көмектеседі. Міне, көрдіңіз бе, калифорниялық қызыл құрттың кереметі қайда жатыр, - дейді Талғат Жакиев.

Осылайша ырысы артқан мекен күннен күнге өркен жайып, дамып келеді. Ауыл әкімі Ерлан Өмірғалиевтың айтуынша ауыл биыл спутниктік ауылдардың қатарына енді. Бұл ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Соның арқасында Ақбұлақ мемлекеттің «Ауыл ел бесігі» бағдарламасына еніп, келер жылы ауылдағы Б. Момышұлы  көшесі тақтайдай тегістелмек. Ал, 2025-2026 жылдары Ақсай-Жымпиты тас жолына дейінгі  15 шақырым жолды асфальттау жұмыстары қолға алынады.

-Расында ауылымызда өз ісін ашып, нәпақасын айырам деген тұрғындар қатары күн санап артып келеді. Қазіргі технология шарықтап дамыған заманда кәсіп бастаймын деген әр адамға Үкімет қашанда қолдау береді. Бастысы – ниет.  «Еңбектің наны тәтті» демекші, адам өмірі еңбекпен тығыз байланысты. Әр адам адал жолмен еңбек етіп, бар маңдай терін төксе ғана өз жұмысының жемісін көре алады. Айталық, көп балалы ана Гүлназ Азиятуллина өзіне кәсіпкерліктің қыр-сырын ашып, адал табыс тауып отырғанын білесіздер. Ауылдағы жаңа дүкеннің ашылуына шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып жатқаны үшін ауыл халқы атынан алғысымды білдіре отырып, еңбегіне жеміс, отбасына амандық, кәсіпкерлік саласында жоғары белестерден көріне беруіне тілектестігімді білдіремін. Сонымен қатар, Жанетаның бастап жатқан кәсібіне ауыл болып қуанып отырмыз. Қазір ауыл келіндерінің көбісі өз кәсібін қолға алған. Үйінде отырып-ақ дәмді тамақ пісіретіндер мен түрлі тәтті дайындап сататындар қатары аз емес. Жанетаның кәсібін дөңгелетіп, қосымша жұмыс орнын ашатынына сенімдімін. Ал Талғат ағамыздың бастап жатқан бизнесі барлығымызды таң қалдырды. Басқа адамдар сияқты мал қиын далаға шығармай, кәдімгі мал қиынан көп пайда тауып отыр. Болашақта ағамыз «Ауыл аманаты» жобасына қатысып несие алып, кәсібін үлкейтпек. Тағы бір жақсы жаңалығымыз, жақын күндері ауылымыздағы жігерлі жастардың бірі Шыңғыс Кушаев  ауыл малын сүтті тұқымға асылдандыру бағытында  ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрмақ, - дейді Ерлан Болатұлы.

5c713113-cb11-4165-aa5f-35014a4531c1 (1)

Бұған дейін жазғанымыздай, ауылда жаңа 6 үйдің құрылысы басталды. Сөйтіп, тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың көңілі жайланып, қорқыныштары сейілді. Сонау 1960 жылдары салынған баспаналары тасқын салдарынан құлап қалғанымен, бірнеше айдан кейін барлығы жаңа, биік, заман табалына сай жабдықталған баспаналарға көшіп, қоныс тойын тойлайтын болады.

-Ауылымыздың жағдайы жылдан-жылға жақсарып, округ аумағындағы көтерілетін мәселелер өз шешімдерін тауып келеді. Әр атқарылатын жұмыс ауылдық жергілікті қауымдастық және Қоғамдық келісім кеңестерінің отырыстарына шығарылып, толығымен қаралып, мүшелердің келісімімен жүргізіледі. Алдағы жылдары ауылымызға медициналық нысан – фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Волейбол, боскетбол сынды спорт алаңдарын салу да жоспарда бар. 2027 жылға қарай толық электр бағаналарын жаңалау жұмыстары қолға алынды, - деп атап өтті ауыл басшысы.

Тағы бір үлкен жаңалық, ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар саны жоқ. Бала туу көрсеткіші жоғарылап келеді. Мәселен, былтырғы  жылы  10 сәби дүниеге келсе, биылғы 4 айда 7 бала дүние есігін ашқан.

Бір сөзбен айтқанда, сәулеті асқан, дәулеті тасыған, рухани дамыған, берекелі де, мерекелі, құтты мекен Ақбұлақ ауылының бүгінгі тынысы осындай.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале