Ақжайық ауданы әкімдігінде кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аудан әкімі жанынан құрылған жұмыс тобы бас қосты.
Басқосуда Қалияр Айтмұхамбетов биыл жүзеге асатын жобалардың иелерін қабылдап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Ауданның экономикалық әлеуетін арттыру үшін кәсіпкерлікті дамытып, жеке инвестициялар тарту қажеттігін тілге тиек еткен аудан басшысы бұл істе алда қойылатын басты мақсат шағын және орта бизнеске қолдау көсету екенін айтты.
Отырыста алма бағы, аудан орталығына салынатын супермаркет секілді көлемді бастамаларға жер рәсімдеу мәселелері мен жаңа нысан орналасатын аймаққа инфрақұрылымдық игіліктерді жеткізу жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ ағаш үгінділерінен кірпіш дайындау бағытындағы жобаға қолдау көрсету бойынша да көптеген сұрақтар көтерілді. Аудан басшысы мамандарға Жайық ауылында ашылатын осы жобаның инновациялық бастама ретінде мемлекет тарапынан грантқа қол жеткізуіне заң шеңберінде көмек көрсетуді тапсырды. Басқосу барысында кәсіпкерлік саласына жауапты мамандар жоба авторларына әлеуметтік жұмыс туралы және салық кодексіндегі жаңа өзгерістер жөнінде мағлұмат берді.
Рауан Сатыбалдиев
суреттерді түсірген Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер