10.02.2021, 11:23
Оқылды: 34

Қатынас қалыпты, көпір жаңғыртылуда

Бәйтерек ауданы Рубежин ауылдық округіндегі автокөпір жанындағы айналма жолды су шайып кете жаздады. Ақпанның 8-інде әлеуметтік желілер арқылы тараған бейнежазбада Рубежка өзен арнасына салынған өткел жолдың бүйірін опырып аққан судың сарқырай ағып жатқаны көрінеді. Соған қатысты мән-жайды анықтау үшін Рубежинге қарай жол тарттық.

BB2DBB47-F0D2-4D31-8454-213068FE34B7

Оқиға орнында болған жерден қарсы алған ауыл әкімі Асылбек Кенжин былтырғы қыркүйек айынан бері автокөпір күрделі жөнделіп жатқанын айтты. Автокөпір 1976 жылы салынған. Қазіргі уақытта жүк көліктеріне ыңғайлы болу үшін көпір қаңқасын нығайту жұмысы жүргізілуде.

– 600 метрдей қашықтықта Кеңес Үкіметі кезінен қалған өзен тоғаны бар. Бау-бақша өнімдерін егетін шаруашылықтар сол тоғанды қалпына келтіріп, жиналған суды кәдеге асыратын еді. Бір-екі күн турасында ауа райы жылынып, қар аралас жаңбыр жауып, тоғандағы су молайған сияқты. Ақпанның 8-і күні кешкілік уақытта тоған бұзылып, іркіліп тұрған су екпінмен автокөпірге қарай лықсып аққан. Қазіргі уақытта қосалқы мердігер уақытша салынған өткел жолды қалпына келтірді. Учаскелік полиция қызметкері қарауылда тұр. Сақтық үшін ауыр жүк көліктерінің жүруіне уақытша тыйым салынды, – деді ол.

Облыстық төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, 3-6 ақпан күндері жауған қар аралас жаңбыр салдарынан дүйсенбі күні сағат 19.00-дерде Бәйтерек ауданындағы Рубежка өзені суының деңгейі көтерілген.  Су екпіні ені 6 метр, ұзындығы 30 метр болатын уақытша айналма автожолдың құбыр салынған жерін жырып өткен. Қазіргі уақытта су қарқыны төмендеп, жылыстап ағып жатыр. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Орал-Кирсанов тас жолы бойындағы автокөпірді жөндеу жұмысы былтырғы қыркүйек айынан басталған. Автокөпір Рубежин ауылының іргесінде орналасқан.

– Уақытша айналма жол астында диаметрі 1 метр болатын үш құбыр жатыр. Жолды қалпына келтіру жұмысын жүргіздік. Су деңгейі төмендеді. Автокөпірді 3-4 күннен кейін көктемге дейін ашып қоямыз. Айналма жолды түгелімен алып тастаймыз. Сәуір айында көпірді асфальттаймыз. Көпірдің жалпы ұзындығы 64 метр болса, биіктігі 12 метрге жуық. Автокөпір тіреулерін ауыстырдық, тастөсемдерін жаңаладық. Көпір жиегіндегі қоршауын да ауыстырдық. Жаяу жүргіншіге арналған жолдың ыңғайлы боулына көңіл аударып жатырмыз, – деді көпір құрылысына жауапты қосалқы мердігер компания басшысы Радион Тен.

7B45F2E5-36D3-48FD-9ED6-D4451A3BDA63

Рубежин ауылдық округінде 1500 тұрғын бар. Округ орталығы Орал қаласына 42 шақырым қашықтықта орналасқан. Қала маңындағы ауылға қатынас көп. Жалпы Бәйтерек ауданына қарасты бес ауылдық округ қаланың солтүстік беткейінде жатыр. Бес округтегі 11 елді мекен тұрғындары автокөпір арқылы арқылы қатынайды. Рубежин ауылдық округінің әкімі Асылбек Кенжин төтенше жағдай құрылымдарымен тығыз байланыс ұстап отырғанын айтты. Оқиғаның жай-жапсарын зерделей келе, тоған үстіндегі сүрлеу жолдың опырылып жатқанын көрдік. Қар бетінде ауыр техника ізі жатыр. Тоған астында төрт құбыр салынған. Су жинауға арналған тастөсемдер (плита) опырылып құлағаны көрініп тұр. Әкімдік тарапынан тоған иесіз деп танылған. Ауыл әкімі өзен суын пайдаланып отырған шаруашылықтар тоғанды қалпына келтіретініне сенімді.

– Төтенше жағдай департаментінің кезекші қызметіне ірі жүк көлігі өтуіне байланысты Бәйтерек ауданындағы жасанды тоған бұзылғаны жөнінде хабар келді. Шаруашылық  мақсатында пайдаланылатын тоғанға жиналған өзен суы айналма жолды бұзған. Қосалық мердігер өз техникасын іске қосып, жолды шайып кету қаупінің алдын алды. Қосымша күш жұмылдыру қажет болған жоқ. Өзен суы қалыпты деңгейде ағып жатыр. Оқиға орнын аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері бақылауда ұстап тұр, – деп түсініктеме берді БАҚ өкілдеріне облыстық ТЖД басқарма бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Ихсанов.

Ғайыптан тайып жасанды тоғанның түн ортасында бұзылмағанына шүкір деу керек секілді. Өзен арнасына кесе-көлденең салынған автожолды су шайып кетсе, тас қараңғы түнде жолда зулап келе жатқандардың көлікті тізгіндеп үлгереріне кепілдік жоқ еді. Ең бастысы, жауапты құрылымдардың дер кезінде қимылдағаны дұрыс болды.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале