5.12.2024, 16:00
Оқылды: 125

«Қауіппен арамыз миллиметр» – Нұркен Кәрімғалиев

PHOTO-2024-12-03-15-29-53

Нұркен Кәрімғалиевтің телефон номері Тасқұдықтың әр адамында бар. 

– Нұреке, біздің көшеде жарық жалп етіп сөніп қалды! 

– Нұркен аға, бүгін жарық жана ма?!

Бұл Елтай ауылдық округінің электромонтері Нұркен мырзаға күнделікті емес те, дегенмен жиі қойылатын сұрақтар. 

Ол 1967 жылы Тінәліде дүниеге келді. 1987 жылы әскерден оралған жас жігіт білекті сыбанып жіберіп, жұмысқа кірісті. Еңбек жолын Тасқұдық машина-трактор шеберханасында аппаратурщик болып бастады. 1992 жылы тоқ асынып, темір тырнақ тағып, тұңғыш рет бағанаға шықты. Міне, 32 жыл болды Нұркен Кәрімғалиев туған ауылында электромонтер болып еңбек етіп келеді. 

Елтай ауылдық округі бойынша 70 шақырым ауылішілік 0,4 кВт өлшемді электр желісі, 6 дана электр жинақтаушы трансформатор бар. 72 үй мен ауылдағы әлеуметтік нысандарға үздіксіз жарық жеткізу – Нұркеннің міндеті. Ақау шықса, дереу іске кіріседі. Бұдан бөлек, Алатау елді мекеніне электр тасымалдайтын 30 шақырымдық әуе желісі де Нұркеннің мойынында. 

– Әрине, әр сәтте қауіптен миллиметр ғана алыс тұратынымды сеземін. Ақау қай бір тыныш күні шығады?! Жауын жауса, боран тұрса, бізге жұмыс табылады. Қалыпты күндері салбыраған сымдарды тартып, бағаналарды нықтап жүреміз. Аудандық торап бір жыл бұрын жаныма көмекші берді. Ербол Мырзағалиев деген әріптесім екеуіміз күндіз-түні қызметтеміз, - дейді кейіпкер. 

Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байыров Нұркен Кәрімғалиевтің уақытпен санаспай еңбек ететін, көлік бармайтын жерге моторлы шанамен, кейде жауялап қар-су кешіп жетіп жататын жанкешті екенін айтты. Майталман маманның арқасында округ орталығы тәуліктеп жарықсыз қалған кез болмаған.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале