23.06.2026, 17:20
Оқылды: 18

Қауіпсіз елдің кепілі

Елімізде жыл сайын  23 маусым Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі.

WhatsApp Image 2026-06-22 at 09.02.42 (1) (1)

Бұл күн -  осы қатарда еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні.

Полиция – халықтың қорғаны, ел тыныштығының тірегі. Қандай жағдайда болмасын, адам баласы қиындыққа тап болған сәтте ең алдымен көмек сұрап жүгінетін жандардың бірі – полиция қызметкерлері. Біреудің мүлкі жоғалса да, жақыны із-түзсіз кетсе де, жол-көлік оқиғасы орын алса немесе қоғамдық тәртіп бұзылса да, халық сенім артып, полицияға жүгінеді. Табиғаттың тосын мінезіне де қарамай, ақ түтек боран мен қақаған аязда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілер мен жолаушылардың амандығы үшін қызмет атқаратын да – осы тәртіп сақшылары. Олар күннің ыстығы мен суығына, уақытпен санаспайтын жұмыс тәртібіне қарамастан, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ел тыныштығы мен тұрақтылығын, халықтың қауіпсіздігін сақтайтын құқық қорғаушылар қандай да құрметке лайық.

Бөрлі ауданының полиция бөлімі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жүйесіне кіретін және БҚО - ның Полиция департаментіне тікелей бағынатын мемлекеттік мекеме. ҚР- ның Конституциясын, заңдарын, ҚР Президенті мен Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алады.Өз құзыреті шегінде жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды, ішкі істер органдары бағынысты бөліністерінің қызметін үйлестіруді және ведомстволық бақылауды жүзеге асырады, карантиндік-санитарлық эпидемияға қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларына қатысады. Апб - де 117 қызметкер бар. Олар: тергеу бөлімшесі, кезекші бөлімі, криминалдық полиция, жедел криминалистика тобы, анықтау тобы, уақытша ұстау изоляторы, көші-қон қызметі, әкімшілік полиция бөлімшесі, қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі, патрульдік полиция взводы және жедел басқару орталығында өз бағыттары бойынша жұмыс жасауда. Сонымен қатар полиция бөлімінде «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, жұмыстануда.

Осы ретте біз, кәсіби мейрам қарсаңында қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі, ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істер жөніндегі  учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Алмагүл Байғалиевамен сұқбаттасқан едік.

- Алмагүл Сағидоллақызы,кәсіби мерекеңізбен! Бірден сұраққа көшсек. Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына не себеп?

 - Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – ата-ана бақылауының әлсіреуі, қолайсыз отбасылық жағдай, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы, құрбы-құрдастарының теріс ықпалы, әлеуметтік желілердегі зиянды контент және құқықтық сауаттылықтың төмендігі.

- Құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Білім беру ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар, дәрістер, кездесулер және түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткіземіз. Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен қолайсыз отбасыларды бақылауда ұстаймыз. Ал, құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөсіпірімдермен ашық сөйлесіп, полиция тек қана жауапкершілікке тартумен ғана емес, олардың құқығын қорғау мақсатында жұмыс жасайтындығын түсіндіреміз.

 - Жасөспірімдер қылмысы үшін қандай жаза тағайындалады? Ата-аналары қандай жауапкершілікке тартылады?

- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік жекелеген қылмыс түрлері бойынша 14 жастан, ал әкімшілік жауапкершілік 16 жастан басталады. Жасалған құқық бұзушылықтың сипатына қарай айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары қолданылуы мүмкін. Балаларын тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материалдар аудандық сотқа шешім шығару үшін жолданады.

- Осы жылы кәмелетке толмағандар арасында қанша құқық бұзушылық тіркелді?

 -2026 жылдың 5 айында 3 ойын - сауық мекемесі кәмелетке толмаған жасөспірімдерді көңіл көтеру орындарына кіргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарға темекі бұйымдарын сату фактісі бойынша 1 дүкен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдерін сату фактісі бойынша 11 дүкен ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды және темекі ҚР заңнамасына сәйкес тыйым салынған орында темекі тұтынғаны үшін 1 хаттама салынды. Заңды өкілсіз көшеде жүрген кәмелетке толмағандардың ата-аналарына 144 хаттама толтырылды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына 4 материал жолданған. Сонымен қатар, арнайы мектепке құжаттар жиналып, БҚО кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған сотына 1 кәмелетке толмаған жасөспірімнің ісі жолданды.

 - Қазіргі уақытта сіздің әкімшілік аумағыңызда қанша кәмелетке толмаған жасөспірім бақылауда тұр?

- Қазіргі таңда есепте 6 кәмелетке толмаған және балаларын тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі міндеттерін орындамайтын 10 қолайсыз отбасы тіркеуде тұр. Есепте тұрған тұлғалармен тұрақты тұрде профилактикалық әңгімелесу мен тексерулер тұрақты жүргізуілде.

- Жасөспірімдер қандай құқық бұзушылықтарға бейім? Кәмелетке толмағандар қандай мәселелер бойынша жиі жүгінеді?

- Кәмелетке толмағандар арасында көбіне ұсақ бұзақылық, төбелес, бөтеннің мүлкін ұрлау, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтар және интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар кездеседі. Оқушылар мен ата-аналар көбінесе төбелес, буллинг, құрдастар арасындағы жанжалдар, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, құқықтық мәселелер және жеке қауіпсіздікке қатысты сұрақтармен жүгінеді.

WhatsApp Image 2026-06-22 at 10.07.08 (1) (1)

- Қандай жағдайда ата-ана құқығынан айыру немесе оларды шектеу мәселесі қаралады?

- Ата-аналар өз міндеттерін орындаудан жалтарған, баланы тәрбиелеумен айналыспаған, қатыгездік көрсеткен, алкогольге немесе есірткіге тәуелді болған, сондай-ақ баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жағдайларда сот тәртібімен ата-ана құқығынан айыру немесе оны шектеу мәселесі қаралады.

 

Сұхбаттасқан Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале