Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың есеп беру жиыны сәрсенбі күні Достық, Макаров, Махамбет және Бейбітшілік ауылдық округтерінде жалғасты.
5 695 адам бар Достық ауылында биыл «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 1200 орындық орындық білім ұясының құрылысы басталмақ. Таза суды әрбір үйге кіргізу мен абаттандыру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, Достықта құны шамамен 300 млн. теңгені құрайтын екі қабатты екі тұрғын үй де бой көтермекші. Ауылдағы негізгі мәселе - интернет жылдамдығының төмендігі. Ал beeline тарифінің қызметін пайдаланып отырған тұтынушылар тіптен ақшамыз далаға кетіп жатыр дейді. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Күләш Базарбекова 2-3 айдан бері төлем жасап келген. Алайда интернетке сол күйі қосыла алмағанын айтады.
- Жеке операторлар мекемеден бұрын халықтың өтінішін тез қарайды. Олардың айтатын уәжі бір үй интернет жылдамдығын күшейткіш құрылғы орнатса, екінші адам одан зардап шегеді. Алайда егер интернетпен мәселе болмаса, біз шығындалып қосымша құрылғы алып қайтеміз? Сондықтан бұл бағытта әлі жұмыстанамыз, - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Айта кетелік, ауыл тұрғындары қол қойып хат та жолдаған. Инспекциядан келіп, тексеріс жүргізілген. Beeline компаниясына 6 млн теңге айыппұл салынған. Десек те, проблема әлі күнге сол қалпында қалып отыр. Сондықтан қазір ауылға Tele 2 мобильді байланысының мұнарасын орнату жұмыстары қолға алынған.
Макаровтықтар ауыл келбетінің жылдан жылға көркейіп келе жатқанын айтады. Абаттандыру жұмыстарына да көңілдері толады.
«Жол мәселесі біртіндеп шешілуде, енді автобустар жаңарса, қалаға қатынау кестесінің жиілігі реттелсе», - дейді ауыл тұрғыны Ольга Урылова.
- Қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесі бар. Алайда бұл бүгін немесе ертең шешіледі деуге келмейді. Екіншіден, қалаға қатынау кестесін жиілету бойынша біз жеке кәсіпкермен келісіп оны ұйымдастырамыз. Бірақ тұрғындардың көпшілігі автобустың уақытын күтпей, таксимен кетіп қалады. 2-3 адаммен автобус жүргізу кәсіпкерге тиімсіз. Осы тұрғыдан келгенде әркім жеке басының ғана мүддесінен қарамай, халық тарапынан да ауызбіршілік пен жауаптылық танытқан дұрыс, - деді Марат Лұқпанұлы.
Махамбет ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген мәселеге тоқталсақ, ауыл тұрғыны Ғаламат Кенғанов трансформатордың кесірінен жарықтың жиі өшетіндігін айтып, ауыстыруды сұрады. Электрик маманның сөзіне сүйенсек, түйткіл трасформаторда болмай шықты. Сымдар ескі. Желінің ұзындығы 2,7 шақырым екен.
- Сол себепті аталған қашықтықты түгел жөндеп шығу жұмысы кезегін күтеді. Ауданда 92 пайыз электр жүйесінің тозығы жеткен. Сондықтан бюджеттен биылға бөлінген 20 млрд теңге қаржыны мейілінше осы мақсатқа жұмсаймыз, - деді аудан басшысы.
Бейбітшілік ауылдық округінің тұрғыны, 4 баланың әкесі Дәуіржан Әбдіғалиев ауылдағы орта мектепте бала санының жетіспеуіне байланысты қазақ сыныбы жабыла ма деп алаңдаулы. Тұрғынның өтінішін тыңдаған аудан әкімі білім ұясында қазақ сыныбының жабылмайтынын, баланың құқығына нұқсан келмейтінін айтты. Мектеп директорының міндетін атқарушы Баянсұлу Ысқақоваға ата-аналармен толыққанды түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ мектеп ұжымы да қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысса мұндай мәселемен бетпе-бет келмес едік деп, бүгінгі түйткілден қорытынды шығаруды жүктеді.
Ауданындағы есептік жиын бүгін Мичурин, Белес ауылдық округтерінде жалғасып, аудан орталығы Переметныйда түйінделеді.
Алмагүл Есентемір,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz