Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы гастролдік іссапармен ауданымызға келді. Оларды Переметный ауылына кіре беріс жолдан аудан әкімі Марат Тоқжанов қарсы алды.
«Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арнап ұйымдастырылған іс-шара аудандық мәдениет үйінде өтті. Қазақстанның барлық өңірін аралап, еліміздің ынтымағын арттыру, ұлттық дәстүріміздің, мәдениетіміздің дамуына, өнердің кең құлаш жаюына жол ашуды мақсат еткен концертке келген бәйтеректіктердің қарасы қалың болды.
Кеш шымылдығы Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің «Арнау» туындысымен ашылды. Республикалық байқаулардың лауреаты Әлихан Дүйсенбай қара домбырасын қолға алып, Ақ Жайық өңіріне «Арнауын» шырқаған соң экраннан «Қазақконцерт: дәстүрлі және заманауи өнер» атты бейнефильм көрсетілді. Одан әрмен «Астана сазы» ансамблі Құрманғазының «Қызыл қайың», «Серпер», Динаның «Науысқы», композитор Б.Ақтаевтың ансамблге өңдеп түсірген Жаяу Мұсаның әні «Ақ сисаны» орындаса, әсем дауысты әрі көрікті әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова халықтың «Дедімай-ауы», композитор М.Ержановтың «Сайра бұлбұлым» және «Жан-жарым» әндерін шырқады. Кезек күйшілер шеруіне берілген кезде ансамбль мүшелері, күйшілер Ардақ Елеусіз Қазанғаптың «Кәрі ақжелеңін», Дарын Құдайберген Жантөренің «Шалқымасын» шертті. Күй десе, делебесі қозып, көкірегі күмбірлеп сала беретін қазақпыз ғой, тыңдай бергісі келіп, жиналған жұрт жігіттерден тағы да күй сұрады.
Халықтың сөзін жерге тастамай Дарын Құрманғазының күйі «Төремұратты» орындап берді. Риза болған көрермен гүл шоқтарын табыстап жатты. Сонымен қатар ансамблдің көркемдік жетекшісі Нұркен Якияев Секен Тұрысбектің «Көңіл толқынын» тартып, көпшіліктің көңілін толқытты. Одан соң үш өнерпаз бірге күйден шашу тартып, халықтың қошеметіне бөленді. Тағы да Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамасұлы баянымен бірге бірнеше ұлттың тілінде емін-еркін әр түрлі әндерді шырқап, көрерменді сүйсіндірді. Әнші Әлихан Дүйсенбай «Күнім» атты әнінің тұсауын кессе, белгілі эстрада жұлдызы Райым Уайыс сахнаға шыққанда залдағы жұрт «Таңғы елесті» қосыла шырқап, «Шынарым сен үшін», «Мың қырық қыз» сынды көңілді әндерде ортаға шығып би биледі.
Кеш соңында сахна төріне шыққан аудан әкімі Марат Тоқжанов бәйтеректіктерге тамаша концерт сыйлаған астаналық өнерпаздарға алғысын айтты.
- «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» демекші, «Қазақконцерттің» өнерпаздарына дән ризамыз. Шырқалған ән, шертілген күйдің бәрі жүрекке жетті. Тамаша өнер көрсеткен қонақтарымызға мың алғыс! Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз, - деген Марат Лұқпанұлы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына алғыс хаты пен ықылас гүлін табыстады.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz