20.10.2022, 20:30
Оқылды: 37

Қазақстан – алтын бесік Отаным

Осыдан біршама жыл бұрын мерекелер тізімінен сызылып, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ортамызға ұлттық мереке болып қайта оралған Республика күніне орай Жәнібектегі ардагерлер үйінде аудандық кітапхана мен балалар саз мектебі бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан – алтын бесік Отаным» атты танымдық кеш өтті. Оған аудандық мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық ішкі саясат, білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары мен ардагерлер, «Надежда» әжелер ансамблінің мүшелері қатысты.

InShot_20221020_202740101

Кеште аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов мерекеге орай құттықтау сөз сөйледі. Әрі қарай саз мектебінің ансамблі Құрманғазының «Балбырауыны» мен Бақтыбайдың «Әуен» күйлерін күмбірлетті. Жақсылық Бисенғалиев Жәнібек Кәрменовтің «Өмір» термесімен тербетсе, Есім Тұяқбаев халық әні «Туған жерді», Асылан Боранбаев Ж.Бисенғалиевтің әні «Өзің сәулемді» нақышына келтіре орындады. Гүлмира Қадірбаева қобызбен халық әні «Япурайды» құйқылжытса, кейін Жақсылық екеуінің домбыра және қобызбен орындаған «Көңіл толқыны» сәтті шыққан шығарма болды. Кіші вокалдық топтың орындауындағы «Ұстаз ана», Биболат Айлин орындаған «Менің өлкем» әндері, домбырашылар ансамблінің орындауындағы халық күйі «Нәр ағашы», бишілер орындаған «Ерке сылқым» биі де көпшіліктің тарапынан қошеметке бөленді. Бас-аяғы жып-жинақы кеш күміс көмей әнші Мейрамгүл Дәулетқалиеваның орындауында «Жаса, қазағым!» әнімен өз мәресіне жетті.

IMG_1070

Кеште сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында ардагерлерге тамаша көңіл күй сыйлағандары үшін кітапханашылар мен балалар саз мектебінің ұжымына шынайы алғысын білдіріп, әрдайым мерейлері үстем, қызметтері табысты болуын тіледі. Сондай-ақ ол саз мектебінің мұғалімдері Гүлмира Сәкенқызын, Гүлмира Нәбиқызын және Есім Сембайұлын филиал атынан алғыс хаттармен марапаттады. Ал «Надежда» ансамблінің мүшесі Горбачева себетке отырғызылған гүлді табыс етті. «Сіздердің өнерлеріңізді көріп, бір жасап қалдық», - деді ардагерлер өз ризашылықтарын білдіріп.

IMG_1054

А.Есіркепов,
Жәнібек ауданы   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале