Жуырда Бәйтерек ауданы Сұлукөл, Чеботарев ауылдарының кітапханашылары Қаламқас Өтешева мен Алмажан Аймұқашева және аталған ауылдардың клуб меңгерушілері Ерқанат Мұхамбетчин және Наталья Левинец бірігіп әдебиет зерттеушісі, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына орай «Алаштың ардақты арысы» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Ұлт ұстазын ұлықтаған шараға мектеп оқушылары, клуб қызметкерлері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш барысында Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен туған жері жайында кеңінен мағлұмат берілді. Одан соң Чеботарев ауылдық кітапханасының оқырманы Эльмира Андирова ақынның «Анаға хат» өлеңін оқыса, сұлукөлдік кітапханашы Қаламқас Сағидоллақызы жазушының туындылары жайында толық әңгімелеп алған әсерлерімен ой бөлісті.
Кеш соңында кітапханашылар Алмажан Аймұқашева мен Қаламқас Сағидоллақызы көпшілікті «Ұлт ұстазы –Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітап көрмесімен таныстырып, шараға қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz