Қазталов ауданы орталығына «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені ректорының міндетін атқарушы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Әліби Баяхов бастаған білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері келді. Олар Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан және «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарымен кездесті.
Келген қонақтар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, «Достық» саябағына тал-теректер отырғызды. Аудандық мәдениет үйінде болған кездесуде топ жетекшісі Әліби Баяхов жиналғандарды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуда, ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтеріне және жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеуде ғылыми-білім кешені ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ ғылыми-білім кешінінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, доцент Аида Маратова, Мәскеудің халықаралық табиғат, қоғам адам университетінің техника ғылымдарының магистрі Айдана Боранова білім кешені туралы айтып өтті. Сонымен қатар осы ғылым-білім кешенінде білім алып жатқан студенттерге және ата-аналарына алғыс хаттар табыстады.
«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені атынан ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Тайыр Қабдығалиевке жеңіл көліктің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Аудан тұрғындарымен кездесудің соңы «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің талантты жастарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Осындай ғылым-білім кешені ұжымының ауданымызда болып, ғылым мен білім туралы әсерлі кездесу ұйымдастырғаны үшін аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова аудан әкімі атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
Жұлдыз АСҚАР
zhaikpress.kz