3.02.2026, 17:00
Оқылды: 93

Казталов активі Жаңа Конституция жобасын қолдады

Бүгін Казталов ауданының орталығында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған аудан активінің кеңейтілген отырысы өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық етіп, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, бөлімдер мен мекемелер жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, партия және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

IMG_2745

Жиынды ашқан аудан басшысы елімізде қолға алынған конституциялық реформалардың маңызына кеңінен тоқталды.

IMG_2772
— Конституциялық реформаның жүзеге асырылуы мемлекеттілігімізді нығайтуға, саяси жүйені жаңғыртуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам. Жаңа Ата Заңның басты өзегі – адамға бағдарланған, әділетті әрі тиімді мемлекет құру. Біздің негізгі міндетіміз – осы реформалардың мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру, — деді Асланбек Ахметоллаұлы.

IMG_2767

Сондай-ақ аудан әкімі ел бірлігінің маңызын атап өтіп, Төле бидің «Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек, бірлікті ойлау үшін тірлік керек» деген қанатты сөзін мысалға келтірді. Оның айтуынша, қоғамдағы тұрақтылық пен даму – халықтың ынтымағы мен өзара түсіністігіне тікелей байланысты.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев жаңа Конституция жобасына енгізіліп отырған өзгерістерге тоқталды.
— Парламенттік реформаны жүзеге асыру Конституцияның бірнеше бөлімін қайта қарауды талап етеді. Жұмыс тобы ұсынған түзетулер іс жүзінде еліміздің жаңа Конституциясын қалыптастыруға бағытталған. Бұл құжат мемлекеттік билік институттарын жетілдірумен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз етуге негізделген. Жаңа Конституция қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, еліміздің демократиялық дамуына жаңа серпін береді, — деп атап өтті.
Мәслихат төрағасы актив отырысына қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, алдағы референдумға дайындық барысында түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева Конституция жобасындағы отбасы құндылықтарына қатысты нормаларға тоқталды.
— Жаңа Конституция жобасында отбасы институтына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, II бөлімнің 30-бабында неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалып, отбасы мемлекет қорғауында екені нақты көрсетілген. Балаларды тәрбиелеу – ата-ананың құқығы әрі міндеті болса, еңбекке жарамсыз ата-анаға қамқорлық жасау балалардың міндеті ретінде бекітілген. Бұл ұрпақтар арасындағы жауапкершілікті күшейтіп, ұлттық тәрбиемізге сай келетін маңызды норма, — деді ол.

«AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ілиясов жаңа Конституция жобасының халыққа түсінікті әрі ашық түрде әзірленгенін атап өтті.
— Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның ұғынықты тілі мен мазмұны. Талқылау үдерісінің ашық өтуі мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайта түсті. Азаматтар негізгі заң жобасына өз ұсыныстарын білдіріп, өзгерістерге белсенді қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – еліміздегі азаматтық белсенділіктің артқанын көрсетеді, — деген пікірімен бөлісті.

Жиын барысында Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Уалихан Сағидуллин білім саласының жаңа Конституция қағидаттарын жүзеге асырудағы рөліне тоқталды.
— Біз, ұстаздар қауымы, әр балаға тең мүмкіндік беріп, олардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін дамытуға күш салуымыз қажет. Жаңа Конституция – білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған тарихи құжат. Оның идеялары еліміздің болашағын айқындайды, — деді мектеп директоры.

Актив отырысында жаңа Конституцияны аудан жастары да қолдайтыны айқын көрініс тапты. Жастар атынан ақын, белсенді жас Ернәсіл Рысқалиев сөз сөйлеп, ел болашағы үшін жауапкершілікпен таңдау жасау қажеттігін атап өтті. Ол бірлік пен даму тақырыбында жалынды жыр шумақтарын арнады.
— Әділетті Қазақ болып қоғамда,
Өзгерісте керек анық оғанда.
Дамығандар қатарына қосылып,
Жеттік шүкір, адым басып бұғанда.
Татулық пен бірлік рухты қорғаймыз,
Жақсылықты шар тарапқа жолдаймыз.
Ел мүддесі жолыңдағы әр істі,
Екі қолдап, жастар болып қолдаймыз, - деп үн қосты жас ақын.

IMG_2755

Жиын соңында аудан активі Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын толық қолдайтынын білдірді. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі реформалардың мәнін тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале