Кәсіби мерекелері қарсаңында Батыс Қазақстан облысының ветеринарлары су жаңа көлікпен қамтамасыз етілді. Қажетті құрал-жабдық орнатылған бұл темір тұлпарлар енді барлық аудандағы ветеринариялық станцияларда қызмет етпек.

Жаңа көлікке қол жеткізгендердің қатарында Казталов аудандық ветеринарлық станциясы мекемесі бар. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен алынған автокөліктердің 7 данасы біздің ауданымыздың еншісінде. Жаңа көліктердің кілтін аймақ басшысы өзі табыстаған болатын. Енді, міне сол көліктер ауданымызға табан тіреді.
Бізбен тілдескен аудандық ветеринарлық станциясының директоры Нүрбек Ихсанов: —Ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктерді табыстау іс-шарасын – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асырудағы кезекті қадамымыздың бірі деуге болады. Бірінші кезекте, қолдау жасаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлына және облыстық ветеринарлық басқармасының басшылығына барша әріптестерімнің атынан алғыс білдіремін!
Ветеринар мамандарының мәртебесін арттыру, еңбекақысын көтеру, сондай-ақ, саладағы материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Біздің мекемеге жаңа 7 «Niva» автокөлігі берілді. Бұл алынған техникаларды көліктері тозған, нағыз қажеттілік бар жеті ауылдық округке бөліп береміз,-деді.

Өңірімізде ветеринариялық мекемелерді нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Ауданымыз бойынша биылғы жылы 5 ветеринарлық пункт пен 5 ауылдық округте мал моласы салыну жоспарлануда.
Нұр Рахман
Казталов ауданы