3.04.2026, 10:15
Оқылды: 20

Казталов ауданы: Әкімдік отырысында өзекті мәселелер қаралды

Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кезекті әкімдік отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

0N6A9991

Күн тәртібінде ауданның жастар саясаты, көктемгі әскерге шақыру науқаны, дене шынықтыру және спорт саласының жай-күйі, сондай-ақ Тереңкөл және Бірік ауылдық округтерінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралды.

0N6A9947

Алғашқы мәселе бойынша аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Бибі Уәли баяндама жасап, ауданда жастардың үлесі 8 344 адамды немесе жалпы халықтың 24 пайызын құрайтынын атап өтті. Бүгінде жастармен 23 маман жүйелі жұмыс жүргізуде. 2026 жылға арналған жоспар аясында 105 іс-шара өткізу көзделіп, бірінші тоқсанда 28 шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту, NEET санатындағы жастармен жеке жұмыс жүргізу, «Бизнеске бір қадам», «Үздік жас» сияқты жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Ал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Есжан Әбдіманапов 2026 жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне бөлінген 4 адамдық жоспар 100 пайыз орындалған. Алайда аудандық деңгейдегі шақырту жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтты.

— Аудандық деңгейдегі шақырту жұмыстарының орындалуы небәрі 23,4 пайызды құрап отыр. Бұл бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарын күшейту қажет, - деді бөлім басшысы.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Манарбек Бектияров саладағы жетістіктер мен алдағы жоспарларға тоқталды. Бөлім басшысы аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, медальдар қоржыны айтарлықтай артқанын, спорт инфрақұрылымын дамыту, ауылдық жерлерде спорт залдар салу және ескі нысандарды жөндеу қажеттігін атап өтті.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы сала басшыларына жастар саясатын жетілдіру, кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, азаматтарды әскерге шақыру науқаны аясында тиісті шараларды қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

— Аудан тұрғындарының басым бөлігін жастар құрайтынын ескерсек, бүгінгі күн тәртібіне шығарылған мәселелердің маңызы зор. Жастар саясатын жүйелі түрде жетілдіру үшін нақты әрі нәтижеге бағытталған іс-шаралар жоспарын қалыптастыру қажет. Сонымен қатар жастардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына қолайлы жағдай жасау, оларды мерзімді әскери қызметке тарту бағытындағы жұмыстарды біріздендіріп, сапалы деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын. Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім артып отыр. Осы сенімді ақтау әрбір жас буынның азаматтық борышы. Шынайы отаншыл жас ел дамуына белсене атсалысып, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына өз үлесін қосуы тиіс. Сондықтан өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру бағытындағы кешенді шараларды күшейту қажет, — деді аудан әкімі.

0N6A9945

Жиында Бірік және Тереңкөл ауылдық округтерінің әкімдері округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Қос округте де есепті кезеңде бірқатар ілкімді істер атқарылған. Аудан басшысы округ әкімдеріне ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту, инвестиция тарту, салық түсімдерін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

 

Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале