12.06.2025, 11:45
Оқылды: 186

Казталов ауданы: Әл-ауқаты мығым Әбіш ауылы

Казталов ауданынында Жаңажол ауылдық округіне қарасты Әбіш деген алақандай шағын ауыл бар. Кеңес тұсында ферма орталығы болған. Сол ауылдың тұрмысы заман дауылы қанша жерден мың құбылып, ұйытқи соқса да қарапайым қоңыр тірлігінен мүлдем жаңылып көрген емес. Тұрғындары да қаймағы бұзылмаған қазақы момын тірлікке бой ұсынып, жақсылыққа бастар ізгі жолды тереңінен меңгеріп алған. Әуел бастан айналасына ынтымақ-бірлігімен аян болған Әбіш ауылы — шын мәнінде осы аудандағы көптеген ауылдарға үлгі болып жүргені даусыз.

FB_IMG_1749697347181

Оны өз бетінше өмір сүруді бір жолға қойған санаулы ауылдардың қатарына қосуға әбден болады. Ынтымақты ауылдың тұрғындары ешкімнен көмек күтпей-ақ өздері бастама көтеріп, бұрынғы Кеңес кезінен қалып, аула сыртында тау болып үйіліп жатқан күл-қоқыстарды өздері ақша жинап, ың-шыңсыз далаға шығарып тастады. Тасымал құны күн санап құбылып тұрған нарық тұсында 200 Камаз күл-қоқысты далаға тегін шығарттыру көп тұрғындардың қолынан келе бермейтін батыл іс екенін баса айтқан абзал болар. Олар осы істі жүзеге асырар тұста елдің жағдайын жіті түсініп, бірден мәмілеге келген көктеректік жомарт азамат Нұрболат Әдиетовке ауыл болып алғыс айтуды да ұмытқан жоқ. Бүгінде Әбіш ауылы жасыл-желекке малынған, аулалары тап-таза, көшелеріне бау-бақша егу үшін арық арқылы техникалық су өтіп тұр. Жеміс-жидек, бау-бақша тұрғындар шарбағында жайқалып өсуде.

FB_IMG_1749697665471
Басқасын былай қойғанда, ауылдың жастары да өте тату әрі ұйымшыл. Олардың күшімен тұрғындардан арнайы қаражат жиналып, ауыл зираты толықтай қоршалды. Кезінде ауыл мектебіне оқушылар жетпей, жабылу қаупі төнгенде тұрғындар белсенділік танытып, көп балалы төрт жанұяны көшіріп әкеліп, оларға жұмыс жасауға мүмкіндік туғызды. Үш жанұяға тұрғындар өздері ақша жинап, тұрғын үй сатып әперді. Бұл ауылда көпшіліктің қолынан келе бермейтін осындай игі бастамалар өте көп. Олар ауыл үшін жүзеге асуға тиіс өздерінің түрлі ойларын ортаға салу үшін бас қосу жиналыстарын жиі өткізіп, жоспарларын тұрақты бөлісіп отырады. Бұнда еш жерде жоқ бастамалар өте көп кездеседі.

FB_IMG_1749697877665
Мысалы, Әбіш ауылында балаларға тай үйрету өнері мен қазақтың қызу қанды көкпар ойыны бір жолға қойылған. Олар қыс айларында тайларын үйретуге жаппай кіріседі. Әбіш ауылының «Көкпар» командасы аудандық жарыстардың тұрақты қатысушысы әрі тұрақты жүлдегері деп нақ сеніммен айтуға болады. Сонымен қатар Әбіш ауылында «Дала қызықтары» жыл сайын дәстүрлі түрде өтетінін мақтанышпен айта аламыз.
Ал көктем мезгілінде жер құрғағаннан кейін ауыл тұрғындары Әбіш-Көктерек, Әбіш-Көмекші бағыттарындағы жолдарды ешкімнің нұсқауынсыз өздері тегістеп тұрады. Орталық көшедегі арнайы салынған футбол алаңында да кезең-кезеңімен көрші ауылдардың жастарын қосып, футбол жарыстары ұиымдастырлып тұрады.
Бүгінгі таңда Әбіш ауылында радио торабы орнатылып, ұялы байланыс пен интернет желісі қосулы тұр. Ауылдың ауылнайы болып сайланған Абат Серікұлы ауылдастарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, ауыл ішінде атқарылуға тиісті әрбір шаруаны ақылдаса отырып жүзеге асырады.

FB_IMG_1749697822747
Бір сөзбен айтқанда ынтымағы жарасқан Әбіш ауылы тұрғындарының қарапайым тұрмысын басқа ауылдарға үлгі етіп, аудан көлеміндегі жерлестерге осындай береке-бірлік тілейміз.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале