9.05.2024, 12:00
Оқылды: 48

Казталов ауданы: батырдың тойы дүбірмен өтті

Кеше Казталов ауданына қарасты Жұлдыз ауылында Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Хұсайыновтың туғанына 100 жыл және Батыр атындағы мектептің ашылғанына 70 жыл толуына орай «Ер елімен еңселі» атты дала қызықтары өтті.

DSCN5714

Ауыл азаматтарының демеушілігімен өткен батырдың тойы дүбірге толы өтті. Ауыл шетінен ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, Батыс Қазақстан облысы бәйге федерациясының қолдауымен 3 шақырымдық тай жарысы, 6 шақырымдық құнан жарысы, 21 шақырымға созылған аламан бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар жаяу жарыс, ұлттық спорт түрлері арқан тартыс, қой көтеру мен қазақша күрестен «Өгіз палуан», «Түйе палуан» анықталды.

DSCN5728

Батыр атындағы мектепті 1991 жылы туған түлектер атынан 16 қанат киіз сыйға тартылып, 1972 жылы туған түлектер ауыл ішінен сахна салып берді. Сонымен бірге түлектер лоторея ұтысын ұйымдастырып, бас жүлдеге нива автокөлігін тікті.

Дүбірлі той республикалық деңгейде өтті десек артық болмас. Ат дүбіріне толған бәйгеге Батыс Қазақстанның төрт облысы мен оңтүстік астанамыз Алматы облысының сейістері мен жүйріктері келіп, бақтарын сынады.

Той өтіп жатқан алаңға халық ерекше көп жиналған. Тілі дәм үйірер тәтті қуырдақ пен кәуаптың иісі мұрын жарады. Сауда-саттық алаңы қызу болды.

Желаяқтар жарысында казталовтық Баубек Ілиясов барлық қарсыластарын жел қаптырды.

DSCN5717

Жұрттың назары жаяу жарыстан кейін арқа қоздырар сәйгүліктер жарысына ауды. Бір айналымы 3 шақырымды құрайтын ипподром заманға сай жасақталған екен. Төрешілердің де құрамы бекітіліп, ат пен шабандоздардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Айтулы қасиетті жылқы жарысын айтыскер ақын, дүйім жұртқа белгілі журналист Бауыржан Ширмеденұлы жүргізді.

Бірінші кезекте тай жарысы басталды. Жоғары деңгейде өткен желмен жарысқан тұлпарлар жарысына ерекше дем беріліп, еліміздің әр түкпірінен жиналған тайлар бір-бірінен оза шапты. Қиқуға толы тай жарысында үшінші болып мәреге көктеректік Асылхан Тілеуғалиевтің тайы келсе, II орынға ақтөбелік Алихан Жәнібекұлының тайы ие болды. Жүлделі I орнынға тағы да Ақтөбеден келген Нұрлыбек Балынбетовтың тайы оза шауып, иеленді.

Құнан жарысы да тартысты өтіп, III орынға Ақтобе облысы Хромтау қаласынан келген Айбек Серікұлының жүйрігі жетті. Ал II орын ақтөбелік Қуандық Ермашевтің және I орын Бекбол Байжарқыновтың сәйгүліктері суырылып шықты. Халық күткен 21 шақырымдық аламан бәйге басталды. Кіл мықты тұлпарлар сынға түскен додада асығы алшысынан түскен Сырым ауданының сейісі Абзал Өтегеновтың жүйрігі үшінші болып келді. Ауыздықтарын шайнаған жүйріктер ішінен алға шыққан атыраулық Асхат Шапеновтің арғымағы II орынды жеңіп алса, бас бәйгені маңғыстаулық Талғат Жакиевтің сәйгүлігі қанжығасына байлады.

DSCN5744

Батыр тойында қазақтың спорты арқан тартыстан Көктерек ауылының білекті жігіттері қарсыластарына ешқандай үміт бермеді. 80 келілік қой көтеруде ақпәтерлік Сенім Сейтқалиевтің күші басым болды.

DSCN5723

Мықты деген палуандар күш сынасқан қазақ күресінде «Өгіз палуан» ақпәтерлік Еркебұлан Нығметовке бұйырса, қарсыластарын түгел жыққан Сырым ауданының Нұрымжан Ғаббасов «Түйе палуан» атанды.

IMG-20240508-WA0033

Той кезегі көпшілік қалаған лоторея ұтысына берілді. Ақшалай және бағалай сыйлықтар біраз адамға бұйырып, бас жүлдеге тігілген нива автокөлігі Манас Қадешевтің еншісіне тиіп, бас жүлде ауылда қалды.

Қызықты өткен той қорытындысы бойынша жүлде алған азаматтарға жүлде қорына жиналған ақша беріліп, батырдың ұрпақтары атынан бағалы сыйлықтар берілді.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале