Казталов ауданына қарасты Бірік ауылдық округіндегі №226 сайлау учаскесіне келіп, ауылдың болашақ әкіміне дауыс беріп жатқан тұрғындардың белсенділігі жоғары.
Ауыл үшін маңызды күні сайлауға қатысып, жауапкершілік танытып жатқан біріктік ағайынның ынтымағы көпке үлгі.
Алғашқы сайлаушы өз таңдауын жасады
Бірік ауылдық округінде өтіп жатқан әкім сайлауына бірінші боп Әжібай ауылының тұрғыны Дәулеткерей Молдағалиев келіп дауыс берді.
Таңғы ұйқысын қиып, алғашқы таңдау жасаған сайлаушыға сайлау учаскесінің төрағасы алғыс білдіріп, естелік сыйлық ұсынды.
Қырдағы сайлаушылар дауыс береді
Бірік ауылдық округіндегі №226 сайлау учаскесіне тіркелген 649 сайлаушы болса, 70 бюллетен округке қарасты Саралжын, Қызылту елді мекендеріне жіберілді.
Сайлау комиссиясының мүшелері елді мекендерде тұратын тұрғындардың өтініші бойынша дауыс жинауға аттанды.
Алғашқы рет дауыс берді
Бірік ауылдық округінде өтіп жатқан округ әкімі сайлауына ең жас сайлаушылар келді. Солардың бірі, Әжібай ауылының тұрғыны – Айнар Жұмақайыров. Ол биыл 18 жасқа толып, сайлау құқығына ие болып отыр. Өз құқығын пайдаланып, алғашқы рет дауыс берген азаматқа сайлау комиссиясы атынан естелік сыйлық берілді.
Сайлау учаскесіне Айнармен бірге құрдастары Алан Наукешов, Бегзат Қажымұқан да келіп, өз таңдауларын жасады.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы