Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Орал қаласында Талдыапан және Бостандық ауылдық округтерінің кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, қос ауылдық округтің кәсіпкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік саласының дамуына серпін беріп, өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастыру болды.

Кездесуде аталған ауылдық округтердің әкімдері Талдыапан мен Бостандық ауылдық округтерінің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша баяндама жасап, өз округтеріндегі ілгерілеушілік пен шешімін күткен мәселелерді ортаға салды. Баяндамалар барысында ауыл инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мәселелері кеңінен қозғалды.

Жиын барысында ауылға инвестиция тарту, салық түсімдерін ұлғайту, жергілікті кәсіпкерлікті ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері қызу талқыланды. Аудан әкімі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын еске салып, ауылдағы бизнесті дамытудың маңызды бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, туризм және қызмет көрсету салаларында үлкен әлеует бар екендігі айтылды.

— Ауыл экономикасының тірегі – кәсіпкерлік. Бүгінгі таңда біз ауылдағы бизнеске жаңа серпін беруіміз қажет. Сол арқылы халықтың әл-ауқаты жақсарып, ауыл дамиды. Бұл бағытта әкімдік те, кәсіпкерлер де белсенді жұмыс атқаруы тиіс, – деді аудан әкімі.

Кәсіпкерлер өз кезегінде бизнесті жүргізу барысында кездесетін кедергілермен бөлісіп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауылды дамытуға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
