Бүгін Казталов ауданы, Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын елді мекеніндегі жаңадан ашылған Мәжит Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінде жерлес ақынымыз Дариға Ғазезқызы Мұштанова атындағы арнайы сыныптың ашылу салтанаты өтті.
Арнайы сыныпты ашу мақсаты Дариға Ғазезқызының мұрасын насихаттау, ізін жалғастыру, өлеңге талабы бар шәкірттердің қабілетін қалыптастыру. Осы мақсатта поэзия жанрына деген жас буынның қызығушылығын арттырып, түрлі байқауларға белсене қатысып жүрген оқушыларды шыңдау болып табылады. Үстіміздегі жылы ауданымызда Казталов ауданының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері, ақын-жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Дариға Мұштанованың 70 жас мерейтойына арналған «Үкілі көктем» аймақтық-республикалық ақындар айтысы, аудандық «І Дариға оқулары» өтті.
Ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайында жетінші сынып оқушысы Жанерке Дауылбай баяндап, Дариға Ғазизқызы осы мектептің 1969 жылғы түлегі екенін тілге тиек етті. Ақын апайлары алғашқы еңбек жолын да осы мектептен бастаған екен. Кейін Дариға Ғазезқызы облыстық деңгейдегі «Үміт» лингвистикалық гимназиясына 16 жыл басшы болып, нәтижелі еңбек етті. Әр жылдары ақынның «Адамның жаны бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат», «Ғұмыр дария» өлеңдер жинағы, «Аңыз болған абысындар» повесі, «Әз- ғұмыр» әдеби танымдық повесі жарық көрді. Ұстаздық іс-тәжірибесінен «Үміт жетелеген 5 жыл», «Үміт атты бір ел бар» еңбектері де оқырманына жол тартқан еді. Салтанатты кеш барысында осы мектептің ұстазы Мейірбек Айтжанов ақынның «Саралжыным» өлеңін жатқа оқыса, Саралжын ауылының әнұранына айналған Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған, Гүлбаршын Қасиетованың «Кировым көркем елім» атты әнін музыка пәнінің мұғалімі Әділхан Еркінғалиев әуелете шырқаса, шараға қатысушылар әншімен бірге қосыла шырқап, кеш ажарын аша түсті. Ойлы да терең мағыналы туындылардың авторы, Казталов ауданының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері, ақын-жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Дариға Ғазезқызы шәкірттерге деген ізгі тілегін білдіріп, өзінің атына ашылған арнайы сыныптың дүниеге келуіне жұмыстанған барлық жерлестеріне ризашылығын білдіріп, Дариға сыныбынан өнерпаз өрендер көп шықсын деген ниетпен өлең шумақтарын төкпелете отырып, қазақтың қара домбырасын бүлдіршіндерге тарту етті.
Дариға Мұштанова атындағы сыныптың салтанатты лента қию құрметі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевке, Казталов ауданының «Құрметті азаматы», ақын-жазушы Дариға Мұштановаға және ардагер ұстаз, Казталов ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық өнер байқауларының бірнеше дүркін Гран-При иегері Үлгілі "Қыз Жібек" ансамблінің негізін қалаушы Баян Қабиеваға ұсынылды.
Шара соңында саралжындық ағайындар Дариға сыныбының қоғам өмірінде өзіндік орны қалыптасатынын, ақынжанды шәкірттер болашақта шынайы тәлім-тәрбие алатынын мақтана айтып, қонақтарды сендірді.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы