Бүгін Казталов ауданында тағы 12 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Ақпәтер, Талдықұдық, Жаңажол, Көктерек ауылдарының тұрғын үй кезегіндегі азаматтарына жаңа үйлердің кілтін табыстап, жылы лебізін білдірді.
— Еліміздің өркендеуі азаматтардың әл-ауқатының артуымен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында бірқатар міндет жүктеген болатын. Президент тапсырмасымен жүзеге асқан бағдарламалардың бірі тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ауылдар мен елді мекендерге тұрғын үй құрылыстарын жүргізу болатын. Қазіргі таңда ауданымыздың баспанаға мұқтаж тұрғындарын тұрғын үймен қамту мақсатында 28 ауыл мен елді мекенде 142 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық және облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Елге жанашырлық танытып, ауылдың көркеюіне, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға септігін тигізер азаматтар барда, ауыл да дамымақ. Сондықтан, тұрғын үй құрылыстарын жүргізген мердігерлерге аудан жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Халқымыздың мерейі үстем болып, еліміз өркендей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын! Баспаналарыңыз құтты болсын!, - деді аудан әкімі.
Ақпәтер ауылында өткен салтанатты іс-шарада ауданымыз бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар баспана кілтін алып, ризашылықтарын білдірді.
— Үкіметіміз мүмкіндігі шектеулі және қамқоршысы жоқ жандарға тұрғын үйден көмектесіп жатқанына мен бүгін қуанып тұрмын. Алғысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Туған ауылымның жылдан жылға көркейіп, жаңадан тұрғын үйлер салынып оны халықтың игілігіне пайдалануға беріліп жатқаны көңілді қуанышқа бөлейді. Сіздерге балалық жүректен шексіз алғысымды білдіремін, — деді Талдықұдық ауылының тұрғыны Динара Үсенова.
Салтанатты шараға облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев қатысты.
Казталов ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі