Бүгін Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жаңгереева биылғы жылғы мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, «Алтын белгі» «Үздік аттестат» иегерлерін салтанатты түрде марапаттады.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі түлектерді жеткен жетістіктерімен шын жүректен құттықтап, ақ жол тіледі.
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, сендер өз табандылықтарыңыз бен озық білімдеріңіздің арқасында осындай жетістікке жетіп отырсыңдар және бүгінгідей салтанатты шарада бас қосып отыруларыңызда – осы білімнің арқасы. Біздің еліміз өз тәуелсіздігін алғалы бері дарынды, шығармашыл жастарды қолдап, жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін бар жағдайды жасап келеді. Егеменді еліміздің өркендеп дамуы мен заңғар болашағына жарқын жол ашатын - Сіздерсіздер! Сіздер барған жерде, оқыған ортада аудан атын арқалап жүресіздер. Ауданымыздың атын жақсы жағынан көрсетіп, өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңызға үлгі болу – сіздердің басты міндеттеріңіз. Әрдайым өздеріңізге артылған жауапкершілік жүгін терең сезініп, адал еңбекке ұмтылғандарыңыз абзал. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Телміріп алған теңгеден, тер сіңіріп тапқан тиын жұғымды» деген қанатты сөзі бар. Ендеше, қай бір салада еңбек етсеңіздер де маңдай термен, адал еңбекпен қызмет қылғандарыңыз дұрыс. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны. Өмірдің жаңа белестеріне басқан қадамдарыңыз сәтті болсын! – деген аудан әкімі түлектерге салтанатты түрде «Алтын белгі», «Үздік аттестат» төсбелгісін табыстады.
Кездесуде жас түлектер аудан әкіміне және аудандық білім беру бөлімінің басшысына өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, ой-пікірлерімен бөлісті.
Жолданған сауалдарға қатысты ой-пікірлерін білдірген А.Сарқұлов пен С.Жаңгереева өздерінің өмір жолдарынан нақты мысалдар келтіре отырып, түлектер үшін пайдалы боларлықтай жауаптарын ұсынды.
Жансая Жұмажанқызы
Казталов ауданы