4.11.2022, 23:23
Оқылды: 56

Казталов ауданында әкімдердің кезекті есеп беру жиындары басталды

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай әр деңгейдегі әкімдер халықпен бір жылда тоқсан сайын кездесіп есеп беруі қажет. Осы орайда Казталов ауданында әкімдердің кезекті есеп беру жиындары басталды. Бүгін халық жиындары Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл ауылдық округтерінде өтті.

5541A4B4-24DE-40E3-A092-9AC3642BB8B1

Жиындарға аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, бөлім басшылары және округ тұрғындары қатысты.

Қараоба ауылдық округінде бұрынғы өткен халық жиынында көтерілген мәселелердің қазіргі жағдайына тоқталсақ, ауылда мал моласы мәселесі бойынша арнайы шұңқыр қазылып, аталмыш нысанды қоршау ғана қалған.

Ауылдағы медициналық-акушерлік пункттің күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылдың жоспарына енген. Электр желілері бойынша алдағы жылы жөндеу жұмыстары жоспарда тұр.

Қошанкөл, Ордабай ауылдарында көше жарығын орнату жұмыстары атқарылуда. Округтегі тоғандарды бекіту жұмыстары жүргізіліп, қоқыс төгетін полигон мен мал моласы жасақталған.

0026E256-10CF-4C17-AB28-A00D638FE644

Биыл сайға техникалық су айдайтын дизельді су сорғысы сатып алынды. Ауыл тұрғындары ауыз су тұтынып отырған артезиан құдықтардың айналасын көтеруге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Конкурс өтіп, мердігер анықталды. Округтегі «иесіз» деп танылған ғимараттарды ауылдық округтің теңгеріміне алу жұмыстары жүруде.

Сонымен бірге болашақта атқарылатын жұмыстар қатарында Ордабайдағы бөгетті көтеру мәселесі бар. Округте электр желілері мен бағандарды, трансформаторларды жөндеу, ауыстыру мәселесі өзекті. Басты себеп – барлық электр таратушы желілердің 80 пайызының тозығы жеткен. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жөнделеді деп күтілуде.

Ауыл ішіндегі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға қаражат қажет.

B9F34245-90EF-417B-AC23-2B2D6D315B98

Ал биыл Тереңкөлдегі ауыз су құдықтарын қайта қазу, тазарту, бөгет аршу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар орындалды. Мереке ауылына газ тарту жұмыстары іске асып, жыл аяғына дейін қосылатын болады.

Ауылдан шыққан жолды Казталов – Жәнібек тас жолына қосу алдағы кезеңде жүзеге асырылады. Жұмыстарды атқаруды «Uniserv» ЖШС өз мойнына алды. Беспішен, Мереке елді мекендеріне су тазартатын блокты-модульді кешен орнатуға қаражат қарастырылуда. Нұрсай ауылының тұрғындары абаттандыру жұмысына қаражат сұрап отыр. Ауылда қордаланған ауыл қоқысын шығару мәселесі тағы бар.

4BFA61B4-B192-4D96-A311-CDF2D7908542

– Пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, такси қызметін заңдастыру, шаруа қожалықтарындағы еңбек қатынастарын реттеу жұмыстарын дұрыс жолға қою үшін бірігіп жұмыстануымыз керек. Қараоба, Қошанкөл бағытындағы жолдың күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта аяқталған 15 шақырымнан кейін 26 шақырым жол жөнделмек. Бұл жолдың жобасы қайтадан жасақталып, конкурсқа беріледі. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бағаның орынсыз өспеуін қадағалаймыз. Еліміз бойынша қымбатшылық орын алып тұр. Қараоба ауылындағы 3 шақырым жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Киіктің өсімін реттеу әзірге жоғары жақтан шешілмей жатыр. Атуға және аулауға заң бойынша тыйым салынған. Қараобаға қажетті техникалық су тарту үшін қаражат бөлу қалып отыр. Суармалы жерлерді иемденіп отырған шаруа қожалықтар сол жерлерге екпелі шөп, бақша егу жұмыстарын қолға алуы керек.

Ауылдардың дамуы үшін ауыл тұрғындары тарапынан да тиісті жұмыстар атқарылуы тиіс. Яғни, болашақта өндіріс ошақтарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауыл тұрғындары үкіметтен бөлінетін гранттар мен пайызы төмендетілген несиелерді пайдалануы қажет. Сонымен қатар ауылдарда тұрғын үйлер салу қарқыны төмен. Мемлекет тарапынан ауылдарда баспана салу жоспары бар. Бірақ, ол үшін тиісті қаражат қажет. Шаруашылықтардың пайдаланбай жатқан жайылымдар мен шабындықтарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүруде.

Тағы да бір айтар жағдай - ауылдағы тазалық мәселесі. Әрбір тұрғын өз меншігіндегі үйін, шабағын күтіп ұстауға міндетті. Тазалық сақтамаған тұрғынға бірінші кезекте ескерту жасалып, кейін айыппұл салынады. Айыппұлдан түсетін қаржы округ бюджетіне түседі, - деді аудан басшысы Рүстем Мүлкайұлы.

D4DCC78A-E444-48C7-81FB-2A020AA8B116

Жиындар соңында аудан әкімі аталмыш округ тұрғындарын жеке мәселелерімен де қабылдады.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале