ҚР ІІМ-ның бастамасымен өткізіліп жатқан «Аулалардағы қабылдау» республикалық акциясы аясында Қазталов ауданының Беспішен, Қошанкөл және Қараоба ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Акцияның негізгі мақсаты – учаскелік полиция инспекторлары қызметінің тиімділігін арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және халықтың полицияға деген сенімін нығайту.

Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет алаяқтарының арбауына түспеу жолдары, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау, жастарды жұмыспен қамту және студент жастарды еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақыру мәселелері кеңінен қозғалды. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала мамандарынан нақты жауап алды.

Түсіндіру жұмыстарын Қазталов аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Данияр Байдуллин , Қазталов аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Тимур Мамытов, Қазталов аудандық полиция бөлімінің ОТЗЗҚКт инспекторы Айнұр Болатова, «Тоқжан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтын Ақбаева және Қазталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Самал Тлегенова жүргізді.

Мұндай кездесулер тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтып, халықты толғандырған мәселелерді шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді, ал акция аясындағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Жайна Қабиболла,
Қазталов ауданы