4.03.2021, 0:33
Оқылды: 72

Казталов ауданында «Nur Otan» партиясы филиалының актив отырысы өтті

3 наурыз күні «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев Казталов ауданында жұмыс сапарымен болды. Жұмыс сапары барысында аудандық филиалдың мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Альберт Есалиевтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының актив отырысы өтті.

IMG-20210304-WA0000

Жиынға «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының төрағалары, ауыл ақсақалдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Отырысты «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Альберт Есалиев ашып, отырыстың күн тәртібімен таныстырды. Жиындағы отырыстың күн тәртібінде облыстық сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары, жол картасының орындалу міндеттері, аудандық сайлауалды бағдарламасы мен жол картасында көрсетілген жұмыстары, сайлау алдындағы халықпен кездесулердегі аманаттар бойынша әр депутаттың қолға алған жобалары және басқа да тапсырмалардың орындалуы туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге сәйкес «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдиннің баяндамасы тыңдалды. Ерболат Мұратқалиұлы өз сөзінде:

- 15 ақпанда өткізілген фракция отырысында сайлауалды бағдарламаның орындалуы жөнінде жол картасы жасақталды. Алдағы бес жылда атқарылатын жұмыстар пысықталған болатын. Фракция отырысында жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттарына әр сала бойынша жауапты өкіл ретінде тапсырмалар берілді. Аманаттарды талдау қорытындысы көрсеткендей, аманаттардың орындалу барысы бойынша ұзақ, орта, қысқа мерзімді мәселелерге бөлінеді. Аманаттардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты болса, жолдар мен тротуарларды жөндеу, электр жүйелерін жаңарту, балабақша, балалар ауласын, мәдениет, спорт орындарын салу, қоғамдық көліктің кестеге сәйкес жүруі, интернеттің жылдамдығын ұлғайту  т.б. мәселелерді құрап отыр, - деп баяндаған болатын. Сонымен қатар аманаттардың қатарында қысқа мерзімді және маусымдық ағымдағы сипаттағы сұрақтарды ескере отырып, жүзеге асқан аманаттар легі бойынша ай сайынғы ақпаратты есепті айдан кейінгі келесі айдың 5-ші күніне  үлгіге сәйкес аудандық филиалға жинақтап облыстық филиалға жіберілетінін де баса айтты.

IMG-20210304-WA0001

Отырыс күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев  2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Казталов аудандық филиалының сайлауалды бағдарламаға негізделген Жол картасындағы атқарылатын жұмыстарды баяндап берді.

Қадер Қадірәліұлының баяндауы бойынша аудан көлемінде Жол картасы аясында 7 басымды даму бағыттары бойынша 15 көрсеткіш, 92 іс-шара қамтылып, жалпы қаржыландыру көлемі 25,1 млрд. теңгені құрап отыр. Күтілетін нәтиже де көңіл көншітерлік. Мәселен «Экономикалық тұрақты аудан» бағыты бойынша алдағы бес жыл ішінде ауданда 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр, ал «Ыңғайлы аймақ» бағыты бойынша аудан тұрғындарын таза ауыз сумен, сапалы жолдармен, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылатындығына көз жеткіземіз. Бұл бағытта партияның аудандық филиалының жоспарына сәйкес 2025 жылы аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен 95 пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр. «Әлеуметтік бағытталған аймақ» бағытына сәйкес аудан көлемінде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын тұрғындарды қамтуды 33,2 пайыздан 36,5 пайызғаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бағдарламада көрсетілген «Жастарға арналған аудан» бағыты бойынша да бірнеше бағдарлама қолға алынып, жастардың жұмыссыздық деңгейін 4,0 пайыздан  3,7 пайызға азайту бағытында жұмыстар жүргізілмек. «Бай тарихы мен мәдениеті бар аймақ» бағыты бойынша жыл сайын 1,5 мыңнан астам аудан тұрғындарын қамтитын іс-шаралар жоспары әзірленген. «Ашық есеп және есеп беретін жергілікті органдар» бағытында аудан бойынша электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді  95 пайызға жеткізу, төртінші деңгейлі бюджетті жоспарлау кезінде жергілікті қоғамдастықты тарту, аудан тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту бойынша іс-шараларды өткізуде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін іске қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал соңғы «Қауіпсіз аудан» бағыты бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл уақыт еншісіндегі дүние. Десе де Мұрат Мұқаевтың сөзіне сенсек Жол картасында көрсетілген жұмыстар алдағы бес жылдықта жоспарға сай жүргізілетін болады.

IMG-20210304-WA0002

Отырыстың негізгі мәселелері бойынша баяндамалардан соң жиынға қатысушылардың ұсыныс, пікірлері тыңдалды. Жаңажол ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Нағым Ризуанов аудан көлеміндегі өткір мәселелерді тілге тиек етіп, ұсыныстарын да айтты.

- Ауданымызда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Алайда Жұлдыз ауылындағы А.Құсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектептің құрылысын қайта салуды және Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Сонымен қатар кәсіптік-техникалық колледждің жатақханасын да қайта салу керек. Бұл бір. Екіншіден, ауданымызда электр сымдарының тозығы жеткен. Елді мекендер тұрмақ, аудан, округ орталықтарында жарық болмай қалатын кездер болады. Үшіншіден, интернет желісі де нашарлап кеткендігін де назарға алсаңыздар. Кезекті айтарым, қазіргі таңда ауданда су мәселесі өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда менің бірқатар ұсыныстарым бар. Дегенмен осы ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қолға алынып, партия бақылауына алынса нұр үстіне нұр, - деді еңбек ардагері.

IMG-20210304-WA0003

Ақсақал бұл сауалдарына мәдениет саласына қатысты, өңіріміздің тарихын жандандыру мақсатында округ орталықтарында музей ашу, ауданымыздың 16 ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін де тілге тиек етті. Осы және өзге де сауалдарға Мұрат Рахметұлы заң жүзінде жауап бере отырып, шешу жолдарын түсіндіріп берді. Сонымен қатар Меңдіхан Халықұлы киік мәселесі мен аудандық лагерге жаңа ғимарат қажет екендігін алға тартса, Уәлиолла Әбішев ауданда кадр тапшылығы мәселесін көтерді, Тауфих Мұқанов екпе шөп егу қажеттігін тілге тиек етіп, халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып коммуналдық төлемдерді қымбаттатпау керектігін жеткізді. Қойылған сауалдардың барлығына тиісті жауаптар беріліп, спикер айтылған мәселелер партияның облыстық филиал төрағасына жеткізілетіндігін атап өтті.

Жиын соңында Мұрат Мұқаев аудандық филиал жұмысына сәттілік тілеп, жиынға қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале