21.04.2021, 22:28
Оқылды: 107

Казталов ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 122 жоба жүзеге асырылды 

Осыдан төрт жыл бұрын 12 сәуірде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген болатын. Кейін мақала шеңберінде арнайы бағдарлама жасақталып, әр өңірде «Рухани жаңғыру» орталықтары бой көтерді.

IMG-20210421-WA0011

Бүгін облыстық «Рухани жаңғыру – жасампаздыққа бастар жол» атты онлайн-конференцияда облыс көлемінде атқарылған жұмыстар сараланды. Конференцияға Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова модератор болды.

Облыстық маңызы бар аталмыш конференцияға БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Даумов, БҚО-ның «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айгүл Туркина, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, басқарма басшылары және аудандық жобалық кеңселердің жетекшілері қатысты.

Конференция барысында Теректі, Жәнібек, Казталов аудандарының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар таныстырылды. Теректі мен Жәнібек аудандарының баяндамаларынан соң, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы бағдарлама шеңберінде Казталов ауданында жүзеге асқан ірі жобаларға тоқталды. Тарих қойнауына сіңген 4 жылдың ішінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымызда құны 265 млн 430 мың теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылған. Соның алғашқысы және бірегейі «Рухани жаңғыру» орталығының ашылуы. Зәйлім Исатайқызының баяндауымен және презентация арқылы конференцияға қатысушылар 56 кездесу ұйымдастырылған орталыққа онлайн түрде экскурсия жасады. Атқарылған жұмыстарды таныстыру барысында аудан әкімінің орынбасары жастарымыздың қайырымдылыққа бет бұрғандығын, «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың мұны айтатын тілі жоқ» деп табиғатты қорғауда және туған жерді құрметтуде көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын баяндай келе ауданымыздың «Жеті кереметін» атап өтті.

IMG-20210421-WA0010

- «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біз салт-дәстүрлерімізді де назардан тыс қалдырмай 30-дан астам ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізді зерттеп, зерделеп, үкіметтік емес ұйымдар арқылы халыққа насихаттадық. Сонымен қатар ауданымыздың тарихы мен табиғатының әсемдігіне үңіле отырып, туған жеріміздің «Жеті кереметін» жасақтадық. Олар: шипалы «Еділбай соры», шағалалы «Шағала аралы», аққулы мекен «Аққу көлі», тарихи маңызы бар және зерттеуді қажет ететін «Жалпақтал қалашығы», 11 түрлі қызғалдақ мекені «Қайыңды қызғалдағы», кең даланың ерке жануары «Ақбөкен» және құрылысы ерекше «Көпес Овчинниковтың үй жайы», - деп баяндады ол.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобалары аясында 3 ауданның баяндамасынан соң БҚО-ның «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айгүл Туркина сараптама жасап конференция мен жоба аясында атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді.

IMG-20210421-WA0012

- Бүгін Теректі, Жәнібек, Казталов аудандарының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарына куә болдық. Оның ішінде Казталов ауданы жобаны жүзеге асыруда және ақпараттық насихаттау жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізгендігін дөп басып айта аламыз. Теректі ауданында жобаны жүзеге асыру және ақпараттық насихаттау жұмыстары бәсеңдеп тұр. Ал Жәнібек ауданында жүзеге асырылған жұмыстар бәсеңдеп тұрғанымен, ақпараттық насихаттау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде. Сонымен қатар конференцияға қатысушыларға болашақта бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарға экскурсия ұйымдастыруды да қолға алу керек деген ұсынысым бар, - деді жобалық кеңсе басшысы.

Төрт жылдың нәтижесі сараланған конференцияда айтылған сын-пікірлер ескеріліп, жұмыс барысы әлі де жалғасын табатын болады.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале